12.06.2020, 11:20

«Полиция – зомбилердің жасақтары, зомбилер құрылымы» - Мұрат Әуезов (ВИДЕО)

Фото: mysl.kazgazeta.kz
Халық енді бассыздық кезінде үнсіз қалмайды.

Қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов «билікке тіл тигізген» белсенді Әсия Төлесоваға қатысты пікір білдірді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Видео белсенділер мен құқық қорғаушыларды қорғау коалициясының Facebook-парақшасында жарияланды.

«Біріншіден, 6 маусымдағы Әсия мен оның әрекетінен билік пен қоғам қарым-қатынасының жаңа кезеңі басталды. Біз қарттарға қарсы әрекет еткен жалған полицейлерді көрдік. Олар құқықтық және адамгершілік заңдарын бұзды. Олар адамгершілік қағидасы не екенін білмейді. Ең қорқыныштысы, адам, адамгершілік дегеннің не екенін білмейді", - деп бастады әңгімесін ол.

Мұрат Әуезов сонымен қатар Әсияны бала кезден білетінін және оны мейірімді, әділетсіздікке төзе алмайтын адам ретінде танитынын айтты. Оның ойынша, Әсия салт-дәстүрден аттап, қарияларымызды жұлқылап жатқан полицейлердің әрекеті Әсияны ашындырғанға ұқсайды. Мәдениеттанушы қарт адамдарды ұстағандарды "зомбиге" теңеді, өйткені олар Отан мен заңды қорғап жүрген жоқ.

"Олар нағыз зомбиге айналған. Полиция – зомбилердің жасақтары, зомбилер құрылымы.

Егер мемлекеттіліктің символы – полицейдің қалпағы жерге түсіп қалса, оған Әсия емес, оны киіп жүрген адам кінәлі.

Шындық үшін күресетіндер жеңіске жетеді. Зомби адамдарға біздің тағдырды сеніп тапсыруға болмайды. Олар адамгершілік және құқықтық заңды бұзып жүр. Әсияның әрекеті тарихта қалады. Халық енді бассыздық кезінде үнсіз қалмайды. Әсия біздің есімізді жиып жүр. Бүгін қоян шабуылға шықты, ал ертең арыстан, яғни халық шықса, онда бас киімнен емес, бастан айрыласыңдар. Барар жер таппайсыңдар.

Әсия Ілияс Жансүгіровтің шөбересі, қазақтың біртуар азаматы Ораз Жандосовтың, оның анасы Фатиманың ұрпағы. Сондықтан оның басқаша бала болып, басқаша әрекет етуі мүмкін емес», – деді М.Әуезов.