14.06.2020, 07:15

«Көшеге шығып, шулайтын көпбалалы аналардың күйеулері қайда екен?» - журналист жазбасы

фото: qazpulse.kz
Маған сол кісілер маникюр-педикюріне ақша таппай қалған кезде көшеге шығатындай боп көрінеді. Олай дейтінім...

Өткенде Данияр деген журналист бір пост жазды. Тараздағы шу шығарған аналар жайлы. Ай сайын алды 300, қалғаны 220 мың теңге көлемінде түрлі жәрдемақы алатынын айтты.

Өз басым митингке қатысып көрген емеспін. Бұл менің қорқақтығым, не ел мәселесінен шет қалғандығымнан емес. Митинг мәдениетін меңгермегенімізден. Митингке шығудың соңы жанжалға, арандатушылыққа ұласып кетеді.

Ал «ақша жоқ» деп шулайтын, елді шулататын аналарды түсіне алмадым. Маған сол кісілер маникюр-педикюріне ақша таппай қалған кезде көшеге шығатындай боп көрінеді. Олай дейтінім, осы шеруге шығушыларды «қаржыландыратын арнайы қор құрылып, шу шығарған аналарға ақша төлейді екен» деген сыбыс естідім бүгін.

Шынымен мұқтаж жандар көшеге шықпайды, менің ойымша. Олар көшеге шықпақ түгіл, бүгін тамағымды қалай табам деп бас қатырады, негізі. Тағы бір ойым, сол көшеге шыққан аналардың күйеулері қайда екен деген сауалға тіреледі. Рас-ау, сол көшеге шығып, шулайтын көпбалалы аналардың күйеулері қайда екен?

Ержан ЖАУБАЙ