$ 494.87  520.65  4.91

«Аштан өлеміз бе?»: ақтөбелік жұмысшылар жалақыларын даулап облыс әкімдігіне барды

«Нұрлы-Таң Ақтөбе» мекемесінің жұмысшылар алдындағы қарызы 428 миллион теңгеге жеткен.

Ақтөбеде жалақы алмаған 150 жұмысшы демалыс күніне қарамай жанайқайын айтып, облыс әкімдігіне барды. Қаланы көгалдандырумен айналысып отырған мекеме қызметкерлері жұмысқа баратын жолақы, азық-түлік алатын ақша таппай қалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

«Нұрлы-Таң Ақтөбе» мекемесінің жұмысшылар алдындағы қарызы 428 миллион теңгеге жеткен.

«Мен көпбалалы анамын, бес балам бар. Күн көру үшін Тараз қаласынан осында жұмыс істеуге келдік. Жалақы алмағанымызға екі ай болды. Несиеміз бар, қиын. Аштан өлеміз бе? Біз өз еңбегіміздің ақысын сұрап жүрміз», – дейді жұмысшылардың бірі Ақмарал Нарходжаева.

Жұмысшылар істелген жұмысқа әкімдіктің ақша аудармай жатқанына сенімді. Сондықтан бүгін облыс әкімдігінің алдына барып, мәселенің ашығын айтқан.

«Біз кімге алданғанымызды түсінбей отырмыз. Әкімдік істелген жұмысқа ақша аудару уақытын созып келеді. Еңбекақымызды әкімдіктен сұрап келгеннен басқа амалымыз қалмады. Шыны керек, жұмысқа келу үшін жолақы таба алмай отырғандар бар. Көбі нан таба алмай, аш жүр», – дейді мекеме қызметкері Руслан Серікұлы.

Мұны жұмысшылар алдында қарызға белшеден батқан мекеме басшылары да жоққа шығармайды.

«Мекемеде қаланы көгалдандырумен айналысатын 160 адам және суарумен айналысатын 50 техникамыз бар. Биылғы жұмыстар 4 мамырдан басталды. Жалақыны қазір тек жұмысшылар ғана емес, бәріміз де ала алмай отырмыз. Әкімдік кеше бізбен келісімшартты үзді деген әңгімені естідік. Оның қаншалықты рас екенін білмейміз. Осыны білгіміз келеді.

Жалақы алмағанымызға екі айға жуықтады. Несиелерін төлей алмай отырған жұмысшыларымыз бар. Оқу ақысын төлеу үшін жұмыс істеп жүрген студенттеріміз бар. Пәтер жалдап жүрген жұмысшылардың жағдайы қиындап кетті. Фирмада қазір ақша жоқ. Әкімдік ешқандай ақша аударған жоқ», – дейді «Нұрлы-Таң Ақтөбе» ЖШС басшысынының орынбасары Әлімжан Қоғабаев.

Облыс әкімдігінің алдына жалақыларын алмай жүргендердің жанайқайын тыңдауға қалалық билік өкілдері келді.

«Мекеме басшыларымен хабарластық. Қазір ол кісі Нұр-Сұлтан қаласында. Келесі аптада жалақы мәселесі толықтай шешіледі», – дейді Астана ауданы әкімінің орынбасары Сәкен Шілманов. Ал еңбек инспекциясының өкілі облыста жұмысшылар жалақысын бермей отырған тағы төрт мекеменің барын айтты.

«Бұл жерде тапсырыс беруші мен орындаушы арасында дау болып тұр. Мекеме жұмысшылары бізге арыз түсірген жоқ. Қазір облыста жұмысшы жалақысын уақытында төлемеген төрт мекеме бар. Ол төрт мекеменің қарызы шамамен 160 миллион теңге болады.

«Нұрлы-Таң Ақтөбе» – бесінші мекеме. Бұл жердегі жағдай зерттелген жоқ. Дегенмен, бейтаныс мекеме, бейтаныс мәселе емес», – дейді Еңбек инспекциясы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Аслан Бахатов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары