Қайтыс болған адамның мүрдесін өртеуге рұқсат беріліп-берілмегені туралы фиқх ғұламалары тарапынан қабылданған нақты бір үкім жоқ. Дегенмен, мәйітті крематорийде жоғары температурада өртеуді ислам ғұламалары дұрыс емес деп жазады Қазислам сайты. Сондай-ақ, біреу қайтыс болғаннан кейін өзінің мүрдесін өртеп жіберіңдер десе, ол ислам дініне сенбеген болып саналады және оны исламдық рәсіммен ақтық сапарға шығарып салуға болмайды.
«Жалпы, ислам әлемінде адамды өртеу құпталмайды, мәйіт өртелмейді, ол жерленеді. Бұл құдай жіберген аспандық барлық дінде солай. Иудаизмде, христиандықта және исламда адамдар жерленген. Егер мұсылман қайтыс болмай тұрып «мені қабірге қоймаңдар, өртеп жіберіңдер» десе де, оның бұл өсиетін қабылдамау керек. Яғни, мұсылмандардың исламға қайшы өсиеттері орындалуға жатпайды», - дейді дінтанушы Балғабек Мырзаев.
Оқи отырыңыз: Алматыда өліктерді өртейтін пеш салынады
Оның айтуынша, мұндай өсиет қалдырудың исламда орны жоқ. «Өсиеттер ақылға қонымды, дәстүрге сай және исламға сәйкес болуы керек. Туыстарының Исламға сәйкес келмейтін өсиетті орындауы дұрыс емес, егер олай істесе, жауапкершілік солардың мойнында қалады» , - дейді ол.
Өзін мұсылман деп санайтын немесе туыстары тарапынан мұсылман ретінде қайтыс болды деп жарияланған адамдар ислам ережелеріне сәйкес жерленуі керек. Бұл қоғамдық міндет, яғни бүкіл қоғамды қамтитын ортақ жауапкершілік.
Алла тағала «Мүминун» сүресінің 12 аятында: «Адамды Біз топырақтың ең асылынан жараттық», – дейді. Яғни, адам баласы жаратылғандардың ішіндегі ең абзалы. Сондықтан да қайтыс болғаннан кейін де оны арулап жер қойнына беру – ең абзал іс болып саналады.