Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек дін атын жамылған сәләфиттер мәселесін тағы көтерді. Бұл жол ол сәләфиттердің құрығына ілініп қалған қыздарға кеңесін айтты, деп хабарлайды stan.kz сайты.
«Талақ құрбандарымен сөйлессең, «нақты баланың кімнен екенін білмеймін» - деп айтқанын үш төрт қыздан естідім. Телефонмен неке қидырып, бір екі рет төсектес болып, талақ алып, қайтадан бір аптадан кейін басқасымен неке қидырғандар да бар. Жеті баласымен тастап кеткен сәләфитті ақтап жатқан оңбағандарды оқып таң қалып отырмын», - депті бұл жолы.
Заңгер дін атын жамылып имансыз әрекет етіп жүргендердің арақ ішкен кәпірден еш айырмашылығы жоқ деп санайды. «Арақ ішкендер де тастап жатыр ғой, сәләфиттер тастаса не болады- деп жазыпты бір екеуі! Арақ ішкен құдайды танымауы мүмкін, сақал қойып, балақ кесіп «құдай біреу»- деп құдайды танып жүрген есуас, арақ ішкен кәпірден (сәләфиттердің айтуы бойынша) еш айырмашылығы жоқ! Өз құмарлығын, өз арам ойын діннің артына тығылып жасап жатқан миы уланғандар, болашақ жеті атасын білмей өсетін ұрпақты көбейтіп жатқандарын біледі ме екен? Жеті атасын білмейтін ұрпақ, ұлттың жойылуына алып келеді! Қыздар сақалды салафандарға сенбеңдер! Жұмаққа сәләфиттер апармайды! Жұмақтың есігін сәләфиттер ұстап тұрған жоқ! Сәләфиттердің қолында жұмаққа апаратын путевка да жоқ! Олардың ертегісіне сенбеңдер қыздар!», - деп жазады ол желіде.
Бұған дейін заңгер Шымкент Жастар орталығының тапсырысымен түсірілген қысқа белдемшелі қызға қатысты даулы видеороликке қатысты «Жабық киініп жүрген қыздардың жезөкшеден несі артық?» деген тақырыпта жазба қалдырған болатын. «Ашық киініп, арына ие болып жүрген қыздар да бар!», - деген заңгер: «Мәселе киімде емес. Шымкент Жастар орталығы сәләфиттер ордасына айналған ба? Астыртын кімдердің идеологиясын жүргізіп отыр? Қалайша бұндай роликтің шығуына жол берген? Жастарға не тәрбие беріп жатсыңдар?» - деп заңгер роликке жауапты мамандарды айыптаған.
«Мұхамеджан Тазабектің өңірлерді аралап, жастарға лекция оқығанынан қорқып едім. Міне, нәтижесін беріп жатыр! Шымкент қаласының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, мына видеороликтің таралуына қалайша жол бердіңіздер?» - деді құзырлы органдардың «бейқамдығына» ашынған Айгүл Орынбек.