Әлеуметтік желі белсенділерінің Ұйғыр ауданының атауын өзгерту туралы қызу бастамасы елімізде тұратын этникалық ұйғырлардың қарсылығын тудырып отырған сыңайлы. Qamshy.kz порталында Ядикар Ганиев есімді facebook қолданушысының осы мәселеге қатысты бейне үндеуі жарияланды. Бейне жазбада Ядикар Ганиев аудан атауын өзгерту мәселесіне өз наразылығын білдірген. Сонымен қатар, Қазақстанда тұратын этникалық ұйғырлардың қазақтармен тең құқықты екенін еске салып, ұйғырлар да өзі тұратын көше мен аудан атын өзгертпеуге құқылы» деп санайтынын айтқан.
«Ұйғырлар көп жылдан бері Ұйғыр ауданында тұрып келеді. Кейбіреулер «ұйғырлар 1950-1960 жылдан бастап қана Ұйғыр ауданында тұрады» дейді. Жоқ, бұлай емес. Бұл аудандардың бірнеше ғасырлық тарихы бар. Тіпті кей аудандар Қытаймен шекаралас болып келеді. Біз жерді бөліп алып, жеке мемлекет құрамыз деп айтып жатқанымыз жоқ. Біз Қазақстанның заңдарын мойындаймыз, бағынамыз. Тек ұйғыр халқының да басқа ұлттар секілді өздері тұратын аудан атын тарихымен байланыстырып өзгертуге құқығы бар екенін айтқым келеді. Ал 10 жыл бұрын Қазақстанға көшіп келген оралмандар барлық көше мен аудан атауын өзгерту керек дейді. Осы жағдайда әділ шешім шығарған жөн, – деп оғаштау пікір білдірген.
Аталмыш порталдың жазуынша, қоғам белсендісі әрі экономист Ядикар Ганиев жақында ғана болған ұйғырлар мен қазақтар арасындағы жанжалды 5 ақпандағы дүнген-қазақ оқиғасымен салыстыра сөйлеген.
«Бұл оқиға биылғы жылы 5 ақпанда дүнгендер мен қазақтар арасындағы қақтығысты есіме салып отыр. Бұзық қазақтар дүнгендерге шабуыл жасады, үйлерді, дүкендер мен көліктерді өртеді, адамдарды ұрып-соқты. 400-ден астам дүнген Қырғызстанға қашуға мәжбүр болды. Қазақстан билігі бірлік, толеранттық туралы айтқанымен қазақтардың жағына шықты. Себебі басқа ұлттарға қарағанда қазақтардың саны көп. Билік кез келген қақтығыста қазақтардың іс-әрекеті дұрыс болмаса да, қазақтарды қорғайды. Біз, ұйғырлар, мәселені үлкейтуді қаламаймыз. Бірақ Қазақстан билігі қазақтардан бөлек, Қазақстан азаматығы бар ұйғырлардың құқығын қорғайды дегенге де толық сенімді емеспін. Бұған дәлелдер мен мысалдар да көп. Сол себепті мен өз кезегімде, ұйғыр халқын жастармен кеңесіп, сөйлесуге шақырамын. Көптеген мәселелер жастар арасындағы түсініспеушілік себебінен болатыны белгілі. Себебі жастар шапшаң, шыдамсыз болып келеді. Кішкентай түсінпеушіліктің өзі үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Аудандағы үлкендер буыны жастар арасында насихат жүргізіп, ақыл айтуы керек. «Жер кімдікі?», «кім бөтен, кім қожайын» деген секілді мағынасыз айтыс-тартыстардан аулақ болу керек. Себебі бұл жақсылыққа әкеліп соқпайды. Өкінішке қарай, мұндай пікірталастар білімсіз, әр жерден естігенін айтқан адамдардың арасында болып жатады, – деген Ядикар Ганиев.
Айтпақшы, Қамшы порталында журналист Меліс Сейдахметовтің Ганиевтің пікіріне сүйене отырып жазған тағы материалы берілген екен. Ол жерде ұйғыр белсендісінің қызды-қыздымен бұдан да сорақы пікірлерге жол бергенін байқауға болады. Ақпан айында дүнгендермен болған оқиғаның Ұйғыр ауданында қайталанбайтынына ешкімнің кепілдік бере алмайтынын сол себепті, әр ауыл өзін қорғай алуы үшін отряд, штаб құруы керек деп санайтыны айтылған. Яғни, этникалық ұйғырларды кез келген жағдайға дайын отыруға шақырған.
«Оның сөзінше, Ұйғыр ауданындағы ұйғыр ауылдарына кез келген уақытта басып кіріп, ойран-топыр салуы бек-мүмкін қарулы күштер әзірленіп жатыр-мыс. Ойраннан сақтану үшін әр ауылда арнайы штаб, олардың арасында тығыз байланыс орнауы керек. Желі қолданушысы ұйғыр ауылдарына төніп келгендерге төбелеспен жауап беру қажет еместігін айтты. Десе де бұзақыларға тосқауыл қою білу керек екенін де ескертті. Бұл – өмір мен өлім мәселесі» деген ол әр ауыл өзін қорғай алуы үшін отрядтар құруы керектігін, сондай-ақ шегінетін, жасырынатын жерді тауып қоюды да қаперден шығармау қажеттігін атап өтіп, әр селоны қамдануға шақырды. Азық-түлік, киім-кешек, құжаттар секілді апаттық керек-жарақты әзірлеп, құжаттардың көшірмесін, электрондық нұсқаларын жасап қоюға үндеді», - деп жазған журналист.
Якидар Ганиев аудан атауын Қарадала деп ауыстырғанмен аудандағы экономикалық мәселелер шешілмейді деп санайды. «Жақсы, аудан атын ауыстырдық делік. Бірақ неге Қарадала? Мен «Қарадала» дегенде қара шөлді, өлі шөлді елестетемін. Неге Көкдала емес, неге тап Қарадала? Неге бұл мәселеде ұйғырлардың пікірін сұрамайды. Сол секілді Чунджа да (Шонжы) – ұйғыршадан аударғанда үлкен жер дегенді білдіреді. Қалмақ батыры дегенді қайдан шығарып жүр? Бұл жерде ұзақ уақыттан бері ұйғырлар мекен етеді. «Чунджа – Қалмақ батыры» деп білмейтіндер айтып жүр. Бұл – әділдік емес деп ойлаймыз. Ертең қазақтар ұйғырлармен араласпаймыз деп ойлай ма? Бұл нәрсе екі ұлт қарым-қатынасына қалай әсер етеді? Бұл – үлкен сұрақ. Мен ұлтаралық арақатынастың нашарлағанын қаламаймын», – деп атап өткен ол.
Бір қызығы, аталмыш порталдағы бұл материал белгісіз себептермен ашылмай тұр. Редакцияның әдейі өшіріп тастамағаны да көрініп тұр. Соған қарағанда, тағы бір үлкен шу басталып кетпесін деп біреулердің жасап жатқан сақтығы да болуы мүмкін.
Естеріңізде болса, осыдан шамалы уақыт бұрын Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданында қазақ-ұйғыр жастары арасында төбелес болып, 5 адам пышақ жарақатын алған болатын. Аталмыш оқиғадан кейін кейін ауданның қазақ тұрғындары Ұйғыр ауданының атын ауыстыру бастамасын көтерген. Облыс басшылығы мәселені жоғары жаққа жеткізетіндерін айтқан. Содан бері қазақ-ұйғыр тақырыбы әлі тыншымай тұр.