Былтыр Ақсу ауылдық округіне қарасты аумақтан жер сұраған Жамбыл Түсіпбеков әлі күнге дейін тиісті жауабын алмаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
«Осыдан 35 шақырымда жер бар. Соны сұрап едік. Егінімізге бәрі жақын сол жерден. Ақсу әкімдігінің ішінде анау құқықтық бөлім басшысы мен жер қатынастары бөлімі соны әлі күнге дейін шешпеді», - дейді қожалық иесі.
Қазір ол қожалықта мал басы көбейген. Сондықтан шаруа төрт түлігін қайда апарып жаярын білмей дал. Оған қоса, биыл аймақта жаңбыр жаумағандықтан, қуаңшылық болып тұр екен.
«Ұсағы, ірі қарасы, жылқы бар, біз 3 жарым мың бас малға жеттік. Тап осы жердің өзінде мыңдай жылқы, 400 бастай ірі қара тұр. Жайылым жетпейді, бірақ, ауылдық округ бойынша бос жерлер көп әлі», - дейді ашынған Жамбыл Түсіпбеков.
Жергілікті атқамінерлер қожалық басшысы сұраған жерлердің бірі егістік алқапқа арналған деп отыр. Сондықтан ол жайылым үшін берілмейді екен. Ал екінші жерге «сібір жарасынан» өлген мал көмілгендіктен, санитарлық аймаққа жататын көрінеді.
«Ол кісінің өзі 2019 жылдың маусымынан бастап, 2020 жылдың мамырына дейін 11 ай бойы жайылымдық жер алуды созып алған. Жерге орналастыру жобасын дайындау – жер сұраған адамның өзінің міндеті. Біздің тарапымыздан уақыт созу болған жоқ», - дейді Ақсу әкімдігінің бөлім басшысы Асқар Астаев.
Дегенмен, бұл мәселеге енді жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері араласты. Олар мәселенің мән-жайын анықтамақ.
«Бұл іс өте созылып кеткен. Бір жыл бойы шаруа қожалығы өз құқығын қорғай алмаған. Егер оларға дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қандай құжат керектігін айтқанда, олар ендігі өз бизнесін дамытып отырар еді», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Назымбек Бекжанов.
Жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бұл жерде қағазбастылыққа жол берілген деп отыр. Сондықтан да әкімдік тарапынан заң бұзушылық анықталса, жауапты мамандардың жазаға тартылатыны айтылды.