28 маусым күні елімізде журналистер күні аталып өтіледі. Расы керек, тек сол күні ғана баспасөз қызметкерлері өздерінің «төртінші билік өкілдері» екенін сезініп, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, әр түрлі компаниялардан сыйлық алып бір мәз боп қалады. Кейінгі жылдары үздік журналистерге ақшалай сыйлығы бар премиялар тағайындау дәстүрі пайда болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Азаттық радиосы «Үркер» және «Тұмар» секілді республикалық сыйлықтардың берілуі дұрыс па деген сауалнама жүргізген. Азаттықтың жазуынша, Ақпарат министрлігі халықаралық «Пулитцер» және «Эмми» премияларына еліктеп, баспасөзге арналған «Үркер», «Тұмар» секілді ақшалай сыйлықтар беруді әдетке айналдырған. Оның сыртында «Нұр Отан» партиясының «Нұр Сұңқары», Мәжілістің «Парламент сөзі» премиясы, Сенаттың «Аманат» және «Туған ел» байқаулары, «Тіл-Қазына» ұлттық орталығының «Мемлекеттік тіл және БАҚ» дейтін сыйлығы барына тоқталған. «Аталмыш премиялардың кейбірінде 1 миллион теңгеге дейін ақшалай сыйлық бар. Осы себепті болар, журналистер байқауларға жарыса қатысып, жеңген жағдайда жария етуден тартынбайды», - деп жазады.
Азаттықтың сауалына журналистер әр түрлі жауап берген. Бірі қолдайды, екіншісі қолдамайды. Мәселен, белгілі журналист Мейрамхан Жәпек дұрыс ұйымдастырылса, қарсы еместігін білдірген. «Әрине, комиссияның мүшесінде журналистер болады ғой. Бірақ айналып келгенде биліктің ығына жығылатыны жасырын емес. Мысалы «Нұр Отан» партиясының сыйлығын алғанның көбі – мемлекеттік БАҚ өкілдері. Премия партияның жұмысын тек жақсы қырынан көрсететін еңбектерге беріледі. Сын материалдарға сыйлық беріп жатқаны некен-саяқ», – дейді Мейрамхан Жәпек.
Сол секілді «Хабар» арнасының журналисі Нұрсұлтан Құрман да премия үкіметке қарым-қатынасы жақсы арналарға берілетінін атап өткен. Оның айтуынша, фаворит деп отырғандардың орнына халық білмейтін, мүлдем көрмейтін, рейтингісі төмен бағдарламаларға беріліп жатады.
31 арнаның ақпараттық бағдарламалар директоры Болат Мүрсәлім мемлекеттің сыйлығына қарсы еместігін айтқан. Айтуынша, журналистер күнінде осындай сыйлықтардың болғаны қате емес. Бұдан арнаның билікке көзқарасы, ұстанымы өзгермейді.
"Түбегейлі қарсылар да табылған. Vlast.kz сайтының журналисі Данияр Молдабеков БАҚ мемлекеттен мүлдем ақша алмауы тиіс деп санайды. «Идеал әлемде әрине ешкімнің ақша алмағанға не жетсін. Әсіресе демократиялық емес мемлекетке күнің қарамасын. Менің түсінігімде, журналистиканың негізгі міндеті мемлекетке қателігін тұрақты көрсетіп отыру, мейлі ол біздегі секілді автократия болсын, мейлі біз ұмтылған демократия болсын. Журналистер зерттеу жүргізеді, сыни пікір жазады. Ал президент пен биліктің өзге тармақтары сынға дайын болуы тиіс. Сол себепті мемлекеттен қандай түрде болмасын ақша алмаған жөн", – дейді Молдабеков.
Азаттық радиосы сонымен қатар, мұндай сыйлықтың дамыған елдер тәжірибесінде жоқ екенін жазған. «Ұлыбритания немесе АҚШ билігі журналистерге ақшасы бар сыйлық берер болса, беделі бар журналистер мұны кемі жағымды жаңалық жазуға итермелеу деп бағалайды, болмаса пара беру деп те қабылдауы мүмкін. Ал қоғам мүшелері үкіметінен сыйлық алатын журналистің жазғанына үлкен күдікпен қарайды», - дейді Қазақстанда тұратын британиялық журналист Джоанна Лиллис.
Айтпақшы, алғыс хат пен ақшалай сыйлығы бар премия алып онысын әлеуметтік желілер арқылы сүйіншілеп жатқан жатқан журналист қауымын қолдамайтындар да табылып жатыр. Мәселен, Асқар Тұрғанбаев есімді facebook қолданушысы журналистерді алғыс хаттарын екінші планға ысырып, елге қызмет етуге шақырыпты. «Құрметті журналистер қауымы! Төл мерекелеріңіз құтты болсын! Алған сыйлықтарыңыз, берілген марапаттарыңыздың қызығын көруге жазсын Алла! Алайда, дәл осы күндерде елдегі індет жағдайы қатты ушығып кетті. Елдің арызы мен тілегін, мұңы мен мұқтажын Сіздер айтпағанда кім айтады? Ұлтымыздың басына төнген қауіп туралы кім дабыл қағады? Індет облыстан ауданға өтіп, елдің шетіндегі алыс ауылдарға дейін жетті. Талай отбасы апталдай азаматтарынан айырылып, құсадан қан жұтып отыр. Ертеңнен бастап алғыс хаттарыңызды екінші планға ысырып, шын қызметтеріңізге, елге қызметке қызу кіріседі деген үміттемін», - деп жазған ол