Елдегі пандемиялық жағдай шынымен ушығып кетті. Осыған байланысты зиялы қауым өкілдері ел азаматтарына карантин талаптарын қатаң сақтап, үйде отыруға шақырып жатыр. Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы аса жақын туыс болмаса жаназа секілді діни рәсімдерге бармауға кеңес берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Қадірлі ағайын мына індеттің түрі жаман. Талай жанды арамыздан алып кетіп жатыр. Барынша сақ болыңыздар. Қайтыс болған кісілердің өте жақын туысы болмасаңыздар, жаназасына да, басқа да рәсімдеріне бармаңыздар. Бір таныс кісі Ақтөбедегі өлімге барып, сол жақтан індетті жұқтырып алған еді, бүгін қайтыс болды. Бір адамды жоқтаймыз деп, үйдегі үлкен кісілерге зиянымыз тиіп жүрмесін. Ауырсаңыздар барлықтарыңызға біздің медицина көмек көрсете алмайтынын көріп отырсыздар. Қарапайым дәрі-дәрмектің өзі тапшы. Емханаларда орын жоқ. «Пешенемізге жазылса ғана өлеміз» деп салғырттыққа, соқыр сенімге баруға болмайды. Жауапсыздығымызды тағдырға жаба салмайық. Алла сақтанғанды сақтайды. Ауырмаңыздар! Раббымызға мүнәжат жасап, дұға етейік!», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.