Бүгін елорда іргесіндегі Қосшы ауылының тұрғындары шыдамның шегіне жеткендерін көрсетті. Көп жылдан бері жарықсыз, сусыз отырған олар «электр желісін тартып береміз» деп орнатқан бағандарын қайта алып кеткелі жатқан ауыл әкімінің орынбасарына қарсы бас көтерді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Осы мәселені өзінің Youtube арнасына жариялаған ауыл тұрғыны: «Мына мен тұратын Қосшы ауылында 80 мыңға жуық адам бар... Сұмдықты қараңыздар! Астананың іргесінде отырып, бізде әлі свет жоқ. Мінеки, мына үйлердің барлығында жарық жоқ, сенесіздер ме? Әлі тартылмаған. 2020 жылы дамыған 50 елдің қатарына кірген Қазақстан астанасының іргесіндегі адамдар жарықсыз, сусыз отыр. Бұл – биліктегілерге сын», - деп жаңадан салынған және салынып жатқан үйлерді көрсетіп шықты.
Оның айтуынша, Қосшыдағы электр желісін тарту үшін орнатылған бағандарды біреулер арнайы көлікпен келіп, жұлып алып тастай бастаған. Себебін сұрағандарға: «Әкімдік бұларды басқа ауылға апарып орнатуға бұйрық берді» деп жауап беріпті. Яғни, Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданы әкімінің бұйрығы солай.
Сондай-ақ, қарапайым халыққа карантин талаптарын сақтауды міндеттеген мемлекеттік қызметкерлердің өзі бүгінгі қатаңдатылған режимде жұмысшыларды бір көлікке топырлатып мінгізіп, арақашықтықты да сақтамай, жұмыс істетіп отыр.
Осылайша, сымсыз бағандарды әй-шәй жоқ құлата бастаған шен-шекпенділерге ауыл тұрғындары жиналып барып, дүрсе қоя берді. «Тұрғылықты жеріміздің бір затын алдырмаймыз» деген көпшілікке Қосшы ауылы әкімінің орынбасары Парасат Досмағанбетов: «Жоспар бойынша, бұл жерге басқа нысан түседі», - деп көріп еді, одан ешкім құлақ аспады.
Жергілікті тұрғындар онсыз да ұрланып, қатары сиреп қалған бағандарды шенеуніктерге алғызбай қойды. Тіпті, олар жұрт келгенше жүк көлігіне артып үлгерген бір бағанды да орнына тастап кетті. Одан кейін тұрғындардан ертең, яғни дүйсенбі күні таңертең әкімдікке келулерін талап еткен. Алайда, ауыл азаматтары бағандары сиреген, электр жарығы жоқ тұсқа келіп, елмен жүздесуге әкімнің өзін шақырып отыр.