Марина Низовкина есімді журналист Шымкенттегі ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ететін кәсіпорынның проблемасын жіпке тізді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Шымкенттегі ауруханалар оттегісіз қалуы мүмкін! Мен жүздеген шымкенттіктің өмірін құтқаруға күш салып жүрген кәсіпорында сюжет түсіріп жатырмын. Кәсіпорын енді сіздің көмегіңізге зәру, асыра айтып отырғаным жоқ! «Airgaz» осыдан екі жыл бұрын перспективті бизнес-жоба ретінде құрылған болатын. Компания мыңдаған адамның өмірін арашалап жүр, енді оларға біз көмектектесуіміз керек. Карантин басталғалы бері бизнеске ешқандай пайда келмеді. Сонда да компания иесі қаладағы және Түркістан облысының ауруханаларындағы жағдайға бей-жай қарай алмағандықтан, тоқтамай жұмыс істеп жатыр. Мұнда он шақты аурухана цистерналарды оттегімен толтырады. Карантинге дейінгі уақытта Шымкент жұқпалы ауруханасы аптасына 40 баллон алса, қазір бір ғана аурухана күніне 200 баллон алуға көшкен.
Қажетті көмек туралы:
1. Әкімдіктің қолдауы қажет. Кәсіпкер жарықтың өзіне айына 9 миллион теңге төлейді. Әрі қарай төлеуге қаражат тапшы. Кәсіпкердің айтуынша, жабдықты тоқтатуға болмайды, ауруханалардан келетін кіріс өте аз, ал жұқпалы аурухана жылдық лимитті тауысып үлгерді, бірақ оттегі алуды әлі де жалғастыруда.
2. Ұжым күніне 20 сағат жұмыс істейді. Жұмысшылардың әрқайсысына аз жалақы бөлінгендіктен, кәсіпкер өз есебінен тамақтандырады. Сондықтан, менің ойымша, бізге азық-түлік жағынан қолдау көрсетіп, дайын түскі астармен қамтамасыз етуіміз қажет", - делінген Facebook-парақшасында.
Сонымен қатар ол Шымкенттің жаңа бюросыз және асфальтсыз өмір сүре алатынын, ал оттегісіз өмір жоқ екенін кесіп айтты.
Оның айтуынша, егер біз көмектеспесек, ауруханалар оттегісіз қалуы мүмкін. Шымкенттегі оттегі өндіретін екі кәсіпорынның қазіргі жағдайы мүшкіл. Сондықтан журналист осы жазбада көтерілген мәселелерді Шымкент әкімдігіне жеткізуді сұрайды.