Қазақстан билігі елде коронавирус өршіп, ауырған азаматтар ауруханға сыймай, дәріханаларда дәрі жетіспей жатқан тұста елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдығы мен ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласының күнін атап өтті. 5 шілде күні елдің барлық аймағында екінші рет карантин жариялаған билік той-жиынға тыйым салған болатын. Бірақ 6 шілде күндіз Нұр-Сұлтанда биліктің ұйымдастыруымен концерт өтіп, түнге қарай ойын-сауық арты отшашуға ұласты.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметінше, отшашу Есіл өзенінің (Орталық саябақ) жағалауында, Ботаникалық бақ (Қабанбай батыр даңғылы жағынан) және Пушкин – Абылайхан көшелерінің қиылысында болған. Қалалық әкімдік отшашуға бюджеттен қаржы бөлінбегенін, шара демеуші қаражаты есебінен ұйымдастырылатынын хабарлады. Бірақ оған кім демеуші болғаны еш жерде нақты айтылмады.
6 шілде күні түнгі сағат 23.30-дан кейін Нұр-Сұлтанда болып жатқан отшашудың видеолары әлеуметтік желіде тарала бастаған кезде билік әрекетін сынап жазған желі қолданушылары көбейді. Олардың арасында қарсылығын өлең арқылы танытқан ақындар да бар. Qamshy.kz желі қолданушыларының реакциясына шолу жасап, ондаған пікірді назарыңызға ұсынып отыр.
Facebook желісінде жазылған пікірлерден карантин кезінде ойын-сауық жасап, салют атқан билік әркетіне деген қарсылықты байқауға болады.
Есдәулет Қызырбекұлы, журналист:
– Өліктің үстіне билеу деген осы.
Жанболат Мамай, оппозиция белсендісі, саясаткер:
– Назарбаевтың құрметіне атылған салют. Мыналардың есі дұрыс па өзі? Адамдар қайтыс болып жатыр індеттен. Дәрі-дәрмек жоқ. Ауруханада орын жоқ. Індеттің таралу қарқыны бойынша әлемде алдыңғы орындарға шықтық. Ал билік жарықшақ атып жатыр! Кісі өлімдеріне қуанып жатсыңдар ма? Аспирин тауып бере алмай жатып қайдағы салют?! Ай билік, оңбайсыңдар! Түгел ауыстыру керек мына жүйені!