$ 487.37  532.94  5.09

«Мен көрген қиындықтарды тірі жанның басына бермесін!» - Түркістан қаласының әкімі

Дәл қазір жағдай ешбірімізге де оңай болып тұрған жоқ.
фото: 24.kz
фото: 24.kz

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов желіде елді елең еткізерлік жазба жариялады. Әкім өзінің басынан өткен қиындықтарды басқа ешкімге тілемейтінін айтып, халықты үлкендерді барынша қорғауға шақырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

"Зұлым індетке шалдығып, менде біраз уақыт араларыңызда бола алмадым. Ең алдымен, жақындары бақилық болған Отандастарыма қайғырып көңіл айтамын.

Осы екі апта ішінде дұғада болған әрбіріңіздің арқаңызда, Алланың қалауымен ел қатарына қайта оралуға мүмкіндік бұйырып отыр. Тез арада асқынып кеткен аурудан қолдарынан келгенше қолдап аман алып қалған дәрігерлерге алғысымды сөзбен жеткізу қиын. Осындай заманда әрбір жан үшін ажалмен арпалысуға бар жігерін тынбастан салып жүрген абзал адамдардың мерейі үстем болсын!

Бұл ауру, салдарсыз өтпеді. Бірнеше ішкі мүше жұмысын тоқтатып, енді қайта қалпына келтіру қажет болып тұр. Әлі де ұзақ уақыт оңалу шараларын жасаймын, бұйырса. Соңғы тест нәтижесі де коронавирустың ағзамнан кете қоймағанын көрсетті. Дегенмен, елге қызмет етуге, мүмкіндігімше, қайта ораламын. Әрине, барлық сақтық шарттарын орындай отыра... Дәл қазір жағдай ешбірімізге де оңай болып тұрған жоқ. Біртіндеп, бірігіп, жағдайды қайта жақсартып аламыз деп сенемін!

Басымнан өткен қиындықтар тірі жанның басына бұйырмасын деп тілеймін. Осы ретте, барынша сақтық шараларын орындау қажеттілігін тағы бір мәрте естеріңізге салуға рұқсат етіңіздер! Ең маңыздысы - бетперде, достар! Арақашықтық! Тазалық! Өтініш, "сақтанғанды сақтайды" демекші сақ болыңыздар! Жасы үлкендерді барынша қорғап қалуға тырысайық!", - деді ол facebook парақшасында.

Әкім мұнан соң, халыққа сақтық шараларын сақтауды ескертіп, кәсіпкерлерге өтініш жасады.

"Құрметті кәсіпкерлер! Елімізде болып жатқан жағдайды бәріміз де көріп отырмыз. Жоққа шығаруға тырысудың, көз жұма қараудың еш мәнісі болмаған, қазір де жоқ. Сіздерге деген үлкен өтініш: қиын қыстау заманда елімізге бірігіп қол ұшын созайық!Біздің қолдан келмегенді сіздер жасай аласыздар. "Халқым үшін бармын!", "Қолдауға шамам жетеді!" дегендеріңіздің жекеге жазуларыңызды өтінемін. Қазір қандай да көмек маңызды!", - деп жазбасын  түйіндеді.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары