Елордада 56 ойын-сауық орнына санитарлық нормаларды бұзғаны үшін айыппұл салынды. Тәртіп бұзушыларға салынатын айыппұл көлемі өте жоғары, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Полиция, еріктілер мен әкімдік қызметкерлері елорданың ойын-сауық орындарына рейд жүргізді. Бұзушылықтар қаладағы танымал орындардың бірі – «Мята» кальянында анықталды.
Белгілі болғандай, кальянға келушілер әкімшімен алдын ала келісіп, үстелге тапсырыс берген. Мұнда пандемия кезінде барлық санитарлық нормалар бұзылған. Мысалы, үш адам бір кальян шегеді.
«Бұл факті бойынша біз бұдан әрі сот ісін жүргізуге деректерді СЭС-ке жібереміз. Ары қарай Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабына сәйкес шешім қабылданады», – дейді учаскелік инспектор Әли Әбілтаев.
Кальянға карантин режимін бұзғаны үшін 230 АЕК (638 940 теңге), кальян дайындаушы мен келушілерге 30 АЕК (83 340 теңге) айыппұл салынады.
Қазір ойын-сауық мекемелерінің карантин режимін бұзуының 56 фактісі анықталды.
«Осылайша, вирус таралуы мүмкін. Содан кейін олар жақындарына жұқтырады, ал індет күшейеді. Инфекцияның таралуын болдырмау үшін біз барлық карантин ережелерін сақтауымыз керек. Әр адам өзіне және отбасына жауапты. Осылайша, 2-3 апта үйде болу, «үй-жұмыс-үй» схемасы бойынша жүру дұрыс шешім болады», – дейді қалалық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Дәулет Кәрібек.
Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігерінің бұйрығына сәйкес, карантин кезеңінде кальян жұмысына қатаң тыйым салынады.