Коронавирустан көз жұмған адамның өзі табыс көзіне айналды. Бұл жерде жеке агенттіктер мен мәйітхана санитарлары ауызжаласқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Бүгінде жерлеу қызметін көрсеткен агенттіктер бағаны шарықтатып жіберген. Алайда, сол қымбат қызметтің өзі сапалы көрсетілмейді.
Сонымен, Нұр-Сұлтан қаласының өзінде адам басқа себеппен көз жұмса, оны жерлеу құны – 200 мың, Covid-19 вирусынан қайтыс болса, 300 мың теңгеден бастап жоғарылай береді екен.
Екі апта бұрын індеттен көз жұмған әкесін жер қойнына тапсырған қала тұрғыны Татьяна Морозова арнайы агенттікке 378 мың теңге төлеген. Оның сыртында 2 мың теңгелік дезинфекциялық костюмді 12 мыңға сатып алыпты. Сөйте тұра, уәде етілген қызметтің көбісі іс жүзінде атқарылмаған. Тіпті, қабір қазғандар да оның жөнін білмейтін адамдар болып шыққан. Марқұмды көрші қабірге қызмет атқарған мамандар жерлеп тыныпты.
«Арнайы көлік қашан келеді деп күтіп тұрсақ, қарапайым жеңіл машина кеп тұр. Таксист екен. Вирустан көз жұмған адамды тасымалдайтынын білмейді де. Әлдебір танысы көмектесуді сұрапты. Бұл бассыздыққа шыдамай, агенттікке хабарласқанымда, өзіме ұрсып, «қабіріңмен қоса төңкеремін» деп қатты сөйледі», - дейді Татьяна Морозова.
Көп жылдан бері жерлеу рәсімі қызметімен айналысатын маман алдымен санитарлар қойылған талапты жиі өзгертіп, бағаны да, басқаны да әбден шатастырғанын айтады. Соны ұсақ-түйек агенттіктер тиімді пайдаланып, табысқа кенеліп жатыр екен. Әйтпесе, қазіргі бар қызметті екі есе арзан бағаға ұйымдастыруға болатын көрінеді.
«Агенттер жағдайға тез бейімделіп, мәйітханадағы санитарлармен қарым-қатынас орната кетті. Содан да болар, ойларына келгенін істейді. Зираттарда да қабір қазатындар жүктеме артты. Үлгермей жатыр. Осы ретте, мемлекет көмектесемін десе, бәлкім, бұл жұмысқа әскерилерді жұмылдыруға болар», - дейді жерлеу қызметін көрсететін кәсіпкер Людмила Кучерова.
Еске сала кетсек, қазір жерлеу рәсіміне 30 адамнан артық жамағат шақыруға рұқсат жоқ. Тек отбасы мүшелері ғана болса, тіпті жақсы дейді молдалар. Олар біреудің қайғысынан пайда көргендерді айыптауда.
«Қазіргі кезде кәсіпкерлер халықтың мұқтаждығын пайдаланып, қиын шақта өздерінің жанағы кәсібін көтеруіне біз қарсымыз. Біз оларды мүмкіндігінше халыққа жағдай жасауға, бағасын көтермеуге, тіпті, қайырымдылық мақсатында төмен түсіруге шақырамыз», - дейді «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев.