Қазақстанда 13 шілде күні бір минут үнсіздік жарияланады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Аталмыш порталдың жазуынша, бұл туралы Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин өз telegram каналында жазған.
«13 шілде Жалпыұлттық аза тұту күні. Ел аумағында Астана уақыты бойынша сағат 12.00-де коронавирус пандемиясының құрбаны болған азаматтарды еске алуға бір минут үнсіздік жарияланады», - деп жазған Е.Қарин.
Еске салайық, мұның алдында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 13 шілде Ұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын мәлімдеген болатын.
«Көптеген елде жағдай бізден де қиын. Дегенмен "Әр қазақ - менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан аталай асылдарымызды жұлып әкетіп жатыр. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтарымыздың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жарияаймын. Бірақ біздің күресіміз жалғаса береді», - деген еді Тоқаев.