15.07.2020, 01:01

«Проблема - ұйымдастыруды білмейтін басшыларда»: ерікті «кәсіпкерлерге алақан жайғандарды» қайыршыға ұқсатты

фото: facebook.com/arman.rakhmetov.
Жоғарыда жазғандарымды қорытындылай келе айтарым, сіздер қаңтардан бері ковидқа емес, "дәрігерлердің көңіл-күйін көтеретін" салют атуға дайындалғансыздар!

Тынысы тарылғанға елпілдеп жүгіріп жүрген Арман Рахмет есімді желі қолданушысы Атыраудағы ауруханалардың бірінен көрген былықты жайып салды. Ол коронавируспен күресуде жұмыстың жүйелі түрде ұйымдастырылмағанына қарны ашып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, еріктінің Facebook парақшасына сілтеме жасап.

Коронавируспен күрестегі көңілге қонымсыз әрекеттерді өз көзімен көрген ол, жұмыстың ұйымдастырылу деңгейіне қынжылды. Мәселен, ол облыстық аурухананы қайыршыға теңеді.

"12 сағаттық түнгі кезекшіліктен шықтым. Мұнайлы астананың облыстық ауруханасының қалай жұмыс жасайтынын айтайын ба?

Жұмыс ұйымдастыру деңгейі НӨЛ!

Неге бәлен айдан бері жеткілікті түрде ИВЛ аппараттарын алып қоймадыңдар, ковид шыққаннан бері 7 ай өтті емес пе?

Жақсы, ИВЛ жоқ екенін білесіңдер, демек, кислород балондарын пайдаланатындарың айдан анық, олай болса неге төмендегі мәселерді алдын ала шешпедіңдер:

1. Кислород балондарын аурухана есебінен алдын ала сатып алып, олардың күнделікті түрде ауамен толтырылып, тоқтамай келіп тұруын қамтамасыз ету. Қазір білдей облыстық аурухана қайыршы сияқты кәсіпкерлердің балондарына қарап отырсыңдар, олар кислород әкелмегенде не болатын еді? Ойлау қорқынышты.

2. Балондарды даладан ішке кіргізіп, науқастарға уақтылы жеткізіп тұратын жалақы төленетін жұмысшылар алу. Олардың графигін 6 сағат сайын ауысып тұратын қылу. Себебі жұмыс ауыр және басқаларына қарағанда вирус жұқтыру қаупі жоғарырақ (мысалы, балон тасығанда ауа өткізбейтін киімнен теріңіз көзіңізге құйылады, оны сүртесіз).

3. Кислородты балондарға көптеп редукторлар алып қою. Осыған дейін редукторларды біздің еріктілер өз ақшаларына алып жүрді.

4. Әрбір бөлімге жұмыс ұйымдастырушы координаторлар тағайындау, міндетті түрде медициналық білімі болуы шарт емес. Ол адам балондардың кислородпен толтырылып әкелуін, оларды таситын жігіттердің жұмысын ұйымдастырып, бақылап және редуктор сияқты керек-жарақтың үзбей жеткізіліп тұруын қамтамасыз етуі тиіс.

5. Түнде кезекші дәрігер таппайсыз, ал аурулар әдетте түнде қысылады. Сондықтан түнгі кезекшілікте дәрігерлерді көбейту.

Қиын ба? Жоқ. Көп ми керек пе? Жоқ. Ал сіздер бұлардың бірін де жасамағансыздар!", - деп тоқетерін айтты. 

Мұнымен тоқтамай, ерікті бола жүріп, бір әжейді өлімнен амал алып қалғанын жеткізді. Жазба авторының айтуынша, оттегі толтырылған балондарды жоғарыға тасу - медбикелер түгілі, спортшы жігітке  біраз салмақ түсіреді екен.

"Сіздер мысалы, 90 кг ауыр балондарды жоғарыға тасуды, науқасқа 32-лік гаечный кілтпен жалғауды, босаған балондарды төменге түсіруді өрімдей жас медбикелердің мойындарына іле салғансыздар. Қалай ғана дәттерің барды бұған? Мен, спортпен шұғылданатын мығым жігіт қазір шаршап талып отырмын 12 сағат балон тасудан! Мүмкін 3 медбике жабылып жүріп жоғарыға бір балон әкелді делікші. Ал қалған науқастар ше? Өле ме? Ол жердегі науқастардың көбінің кислородты балонсыз 5 минут отыра алмайтынын білмейсіз бе?

Бүгін мысалы жансақтау бөліміне қарт әжей түсті. Дәрігерлер дереу құтқару шараларын бастап кетті. Кенеттен әжей демалып жатқан орталық кислород жүйесінде қысым азайып кетіп, әжей дем ала алмай қалды. Бір ғана амал қалды. Кислородты балонға қосу. Қосайын десем балон бар, редуктор жоқ. Дереу шаруашылық бөліміне соғып редуктор жеткізуін сұрадық, ал олар қойманы кілттеп кетіп қалған. Әжей ауа жетпей қиналып жатыр, не істейміз? Мен бірнеше жүз метрдегі басқа ғимаратқа жанталасып жүгіріп барып, өзім бұрын көріп кеткен редукторды алып келіп жалғадым. Әжей бір өлімнен қалды-ау деймін. Ал қоймада редуктор толып тұр.

Енді ойлап көріңіздерші, қаншама адам осындай ұйымдастырудың нашарлығынан ауа жетпей өліп жатулары мүмкін. Ал бұл менің тек бір түнде көргенім!

Енді бізге, яғни еріктілерге келейік.

Біз қазір 2 жігіт күндіз, 2 жігіт түнде 12 сағаттан ауысып жасап жүрміз (Кислородный балон тасу, жалғау). Елестетіп көріңіз, күн сайын оттегі балонын ауа өткізбейтін киіммен дем алмастан 12 сағат тасуды. Енді қалай ойлайсыз біз енді қанша күн шыдаймыз? 5 күн? 10 күн? Ал ресми ақпаратқа сенсек, ковид әлі бірнеше айға созылмақ. Мысалы, жақында менің кезекті вахтам басталады, демек, мүлдем ерікті болып жұмыс жасай алмаймын. Сонда мен кислород апарып жүрген науқастар не болады? Тұншығып өле ме?

Қаншама үндеулер, жиналыстар, статистикалар, бәрі жақсы деген ақпараттар... Ал іс жүзінде әжей редуктор жоқтан өліп кете жаздады!

Жоғарыда жазғандарымды қорытындылай келе айтарым, сіздер қаңтардан бері ковидқа емес, "дәрігерлердің көңіл-күйін көтеретін" салют атуға дайындалғансыздар!

Бірнеше күн ортасында болған адам ретінде астын сызып айтарым: "Дәрігерлер мен медбикелер, санитаркалар өз жұмыстарын жанкештілікпен атқаруда, бүкіл проблема ұйымдастыруды білмейтін басшыларда!

Ең болмаса, дереу менің жоғарыда жазған іс-шараларымды жасаңыздар, қаншама адам өлімнен аман қалады!

Бұл салаға енді совоктық статисттар емес, кризис менеджерлер керек.

Біздің елде бұндай ауруханалар көп шығар. Айтпақшы, палаталарға ауа салқындатқышын қойыңыздар, қапырық қылмай!", - деп ашынғаннан ащы тілін шығарды. 

Сөзінің соңында "постыңды кетірші" деген әңгімелер басталды, келесісін бірден осы жерге аты-жөнімен шығарамын" деп қоңырау салғыштарға ескерту жасауды да ұмытпады.