Бүгінде коронавирус жұқтырған және одан қайтыс болған адамдардың саны азаятын емес. Індеттің өршіп кетуіне байланысты республика бойынша қосымша шектеу шараларын енгізуге тура келді. Алайда халық арасында санитарлық нормаларға немқұрайлы қарайтындар баршылық. Әсіресе, жастар тарапынан үлкен адамдардың денсаулығына деген жауапкершілік байқалмайды. Тіпті, жасырын той өткізіп, өзіне де, өзгеге де қауіп төндіретіндер аз емес. Sputnik Қазақстан сұхбат берген зиялы қауым өкілдері халықтың денсаулығына, ұлттың болашағына атүсті қарайтындарға ақыл-кеңесін айтты. Қазіргі жағдайда тойға тыйым салу мәселесіне қатысты өз ойын да жеткізді.
Адамдар амандасудан қорқып жатырҚоғам қайраткері, профессор Намазалы Омашев барынша оқшауланып, санитарлық нормаларды сақтап жүр. Далаға да көп шықпайды. Ал теледидардан адамдардың карантин талаптарын сақтамай жүргенін, тіпті, той тойлағанын көргенде қатты күйінеді.
"Мынандай алапат тажалмен арпалысып жатқанда той тойлауға бола ма? Ол қара бастың жағдайын ғана күйттеп, өзгелер "бұл болмаса, күл болсын" деген қара ниеттілікке жатады. Қазіргі жағдайда жанымыздан ұлттың небір ұстындарын әкетіп жатқан кезде адамдар есік-терезесін бекітіп, аулада қалай той тойлайды? Қайтіп тойлайды оны? Не бетімен тойлайды?",– дейді Омашев.
Оның айтуынша, бұл – мылтықсыз майдан. Адам вирустың қай жағынан келіп қалғанын көрмейді. Сондықтан тойдың иесі талайдың ажалына себепкер болуы мүмкін. Бүгінде барынша тастүйін болу керек. Той тойлайтындай, жақсы әңгіме айтылатындай, көңіл көтеретіндей жағдайға жеткенше бәрін доғара тұру қажет.
"Осындай уақытта қандай отшашу болады? Қандай той-томалақ болады? Ол қандай вакуум ішіндегі той? Қазір ел-жұрт бір-бірімен амандасудан қорқып жатыр. Айналайын-ау, адамдар амандасудан қорқып жатқанда не деген той ол? Не деген дақпырт? Не деген ысырапшылдық? Сондықтан бұл туралы әңгіме қозғаудың өзі ұят", – деді ғалым.
Осы орайда қоғам қайраткері құқық қорғаушылардың жасырын тойларды анықтау шараларын да еске алды.
"Иә, бүгінде ішкі істер органдары тексеру шараларын жүргізеді. Сөйтіп, ұятсыз және парықсыз надандарды ғана қуалап жүріп анықтайды. Ал басында миы бар, бүгінгі жағдайды дұрыс түсінген адамдар өздері тыйылуы керек. Дүниежүзінде осындай тыйылу арқылы бұл ажалды жеңіп жатыр. Біз де жеңеміз. Біздің қазақтың қаны таза, санасы сергек. Сондықтан мұндай жағдайда тыйылады деп ойлаймын", – деп атап көрсетті Омашев.
Тойды бес жылға тыя алмаймызҚоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков те оқшауланып, үйден көп шықпайды. Оның айтуынша, қазаққа тойды тоқтату қиын. Бірақ әр нәрсенің жөні бар. Қазіргі пандемия кезінде той тойлап отырған қисынсыз.
"Сондықтан эпидемия біткенше тойды тоқтата тұру қажет. Алла аты жаман ауруды тезірек әкетсін. Эпидемия кезінде той тойлаудың ешқандай қисыны жоқ деп ойлаймын", – деді Жолдасбеков.
Ғалым той тойлауды 2-5 жылға тыюға қатысты өз ойын да жеткізді. Бұған дейін ондай ұсынысты қоғам белсенділері жасаған.
"Жылын айқындау өте қиын. Құдай сақтасын! Қазаққа тойды бес жылға дейін тоқтат деп айту қисынсыз болады деп есептеймін. Адам өмір бойы тойға ұмтылады, той болса екен, жақсылық болса екен деп тілейді. Әркімнің өсіп келе жатқан баласы бар. Бойжеткен қызы бар. Бірақ той жасау үшін алдымен мына пәледен құтылуымыз керек", – деп атап көрсетті Жолдасбеков.
Жазушы Тұрсын Жұртбай да халықты қазіргі шектеу шараларға шыдауға үндеді. Себебі, бұл қазақтың басынан өтіп тұрған бірінші індет емес.
"Барлық жағдайда осындай тыйым салынған. Тіпті, "Абай жолында" Абайдың өзі Семейде әркімді үйден шығармай, полиция сияқты жүреді ғой. Сондықтан бұған көну керек", – дейді Жұртбай.
Ғалым терезеден тәртіп сақтамай жүрген жастарды жиі көретінін айтады. Олар бетперде тақпайды, бір-бірімен амандасып жүре береді.
"Сондай бір алаңсыздық пайда болды. Егер осындай мінез қала берсе, онда арты қиын болады. Аулада ата-аналар балаларын емін-еркін ойнатып жүр. Мен осыны түсінбеймін. Басқа адамдардың денсаулығына олай немқұрайлы қарауға болмайды ғой", – дейді Жұртбай.
Оның ойынша, тойды заңмен бірнеше жылға тыюмен мәселе шешілмейді. Бүгінде әрбір адам қазіргі жағдайды той өткізу қаншылықты қауіпті екенін түсінуі керек.
"Тойды кім үшін жасайсың? Қуанышың үшін жасайсың ба? Жоқ, жаназа үшін жасайсың ба? Сол тойға шақырған адамың шақыруыңды қуанышпен қабылдай ма? Қазір шақырған адамның тең жартысы бармайды. Сонда құда-құдағилар не ойлайды? Осыны ойлау қажет", – дейді Жұртбай.