$ 494.87  520.65  4.91

«Дәрі-дәрмек халыққа ешқандай делдалсыз тікелей келсін» - Ахметбек Нұрсила (ВИДЕО)

Қолдаймын деп қол қою үшін сізге бір-ақ минут уақыт жетіп жатыр.

Белгілі кәсіпкер, «Сен» партиясының жетекшісі Ахметбек Нұрсила өзінің You Tube арнасы арқылы «СҚ-Фармацияның»  жабылуын талап етіп, қазақстандықтарға үндеу жасады. Ол шығарылымының  атын «Дат пен бірлік» деп атап, ел басына түскен нәубеттің шешу жолын ұсынып, осы жолда митинг ұйымдастыруға дайын екенін айтты.

«СҚ-Фармация» жабылсын. Дәрі-дәрмек халыққа ешқандай делдалсыз тікелей келсін. Халық бір әділетсіздікті, бір бассыздықты анықтап, соны шешуді халық болып талап етелік.

"Егер медициналық мекемелер ресми дистрибьюторлардан (делдалдық компания – авт.) тікелей дәрі-дәрмекті алып, дәрілердің бағасын порталда ашық көрсететін болса, оны халық интернет арқылы бақылау мүмкіндігіне ие болып, ол жемқорлықты жоюға болушы еді. Дәрі-дәрмекті шетелден әкелу үшін «Самұрық-Қазына» құрған «СК-Фармация» ЖШС керек емес. Келісесіз ғой. Осындай посттарды жазып, осы баннерді аватарларыңызға салып, қазіргі өзекті осы проблеманы бірлігімізді көрсетіп, бірге шешуді талап етейікші. Тым болмаса ел екенімізді осылай көрсетейік. Бұл мәселені шешкеннен кейін, дәл осы жолмен келесі мәселелерді шешетін боламыз.

Бір аптада билік тарапынан ешқандай іс-әрекет болмаса, әлеуметтік желі арқылы билікке талап қойып, хат жазып, қол жинап, белсенділер билікке тапсыратын боламыз. Қолдаймын деп қол қою үшін сізге бір-ақ минут уақыт жетіп жатыр. Сол кезде 10 мың, 100 мың қол жиналатын болса, билік назар аударады. Егер билікке тапсырылған хатқа бір апта ішінде жауап болмаса, әр қаладан дәл осы мәселе бойынша «Сен, Алаш» партиясының белсенділері бейбіт митингтер ұйымдастырады. Соған барып қатынасуға бір-ақ сағат уақытыңызды арнасаңыз – сіз елімізде азаматтық қоғам жасауға қосқан үлесіңіз болар еді.

Егер бейбіт митингтерде ештеңе шықпаса, «дат» шарасын әрі қарай жалғастырамыз. Ата-бабамыз биліктің шешіміне наразы болғанда айтатын дат дәстүрін ары қарай жалғастырамыз.

Наразылық көрсетудің бірінші қадамы – белгіленген уақытта халық барлық жұмыстарын тастап, бір сағатқа тоқтатады.

Егер мәселе шешілмесе, онда осы шара бір күнге созылады. Дат айту тек қана бейбіт жолмен болады. Арандатушылыққа халық болып жол бергізбеуге болады.

Ермұрат Бапи ағамыздың «Дат» газеті халыққа керемет қызмет жасады. Жасап та жатыр. Енді соны әлеуметтік желі арқылы тағы да бір белеске көтеріп, дамытуға болады, ағайын.

Халықтың тағдыры, халықтың болашағы, халықтың күші – тек қана береке-бірлікте! Бірлікпен қарапайым қимылдар жасайық...", - дейді Ахметбек Нұрсила.

Дереккөз: Adyrna.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары