Өзінің үш бірдей әріптесінің қызметінен кетуіне түрткі болған Білім және ғылым министрлігінің бұрынғы қызметкері Анар Қайырбекова осы аптада тағы бір үлкен шудың ұшығын шығарды. Қайырбекованың айтуынша, бұл жолы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің докторлық жұмысынан ілік тапқан. Нақты айтар болсақ, министрдің 2009 жылы қорғап шыққан докторлық диссертациясына он жылдан кейін өзгертулер енгізілген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаментінің бұрынғы жетекшісі Анар Қайырбекованың өзіне тағып отырған айыптауларына қатысты нақты жауап бере қойған жоқ.
«Бұл мәселені сот шешеді. Әрине, дәл қазір сіздердің барынша көбірек ақпарат алуды қалап тұрғандарыңызды түсініп тұрмын. Алайда, меніңше мұндай сұрақтарға жауап берудің өзі ақылға қонымсыз. Сот бұл мәселеде нүктесін қойып, тиісті шешім қабылданады», - деп қысқаша ғана жауап берген журналистердің сұрағына.
Бір қызығы, осы мәлімедемеден кейін әлеуметтік желі бетінде «Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке біреулер шабуыл жасап жатыр, ұзамай орнынан алып тастауы мүмкін!» деген сыбыстар тарап кетті. Мектеп мұғалімдері мен желі белсенділері министрді қолдап пікірлер жазып жатыр.
Мәселен, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы докторлық жұмысынан гөрі Аймағамбетовтің осы салада атқарған, атқаратын ісі маңызды деп есептейді. Ғылымды Анар Қайырбекова сияқты «ғалымдар-ақ» түгендей берсін деген мәселе көтерген. «Анау Анар деген артқопарғышқа айтыңдаршы, ең алдымен «мемлекеттік қызметте істеу үшін ғылыми дәрежең (магистр, PHD) болу керек» деген тупой заңның артын қопарсын! Болон жүйесін енгізгендердің артын қопарсын!
Сендердің осы өз жүйелерің емес пе - әншіні де, бишіні де, күйшіні де, сайқымазақты да магистр, доктор жасаған?!
Білімді басшы, білікті ұйымдастырушы, мықты менеджер - нақты тәжірибеде (шаруашылық жұмыста) көрінеді. Адам мықты ұйымдастырушы, басшы болуы мүмкін - ғалым болмауы мүмкін. Сол секілді, мықты ғалымнан мықты ұйымдастырушы менеджер шықпауы мүмкін.
Ғылымға қызыға ма, қызықпай ма, ешкімнің шаруасы жоқ – «ғылыми дәрежесі жоқтар бастық болмайды» деген есалаңдардың ережесін атасының басына енгізді ме? Содан бері магистратура, докторантурада кімдер оқыды?
Соңғы 15-20 жылда диссертация ұрламаған, сатып алмаған, көшірмеген, біреуге жазғызбаған бірен-саран ғалым болса, оған да шүкір дер едік... Сол «ғалымдардың» бәрі ғылыми жаңалық ашып, мың кітап кеміріп, мұрағат қопарып, диссертациясын өздері жазып тастапты ма?
Әй, Анар, халықтың көңілінен шыққан адамның соңына шам алып түсуді доғар! Қопарғыш болсаң, мың бір «ғалым» жүр «бастық» болып... Не ғалым емес, не есі дұрыс бастық емес... Бар да, солардың «артын» қопар... НӘН-нен және оның доктор, академик қыздарынан, туыстарынан бастасаң болады. Арыстанбектің де диссертациясын оқып шық...
Білім министрін көре қалыпты, оңбаған неме! Аймағамбетовтің диссертациясының қандай екені халыққа мүлдем қызық емес, керек те емес. Біз үшін Аймағамбетовтің осы салада атқарған, атқаратын ісі маңызды. Ғылымды сендер сияқты «ғалымдар-ақ» түгендей берсін... Мәңгүрттердің, ұлт сатқындарының өткен ғасырдың басынан бергі тірлігі осы - кім қазақ деген ұлтқа сәл көбірек еңбек етуге ықыласты болса, сол адамның басын жұтқанша тыным таппайды. Хайуандар!», – деп жазған фейсбук парақшасында.
Естеріңізде болса, бұған дейін Анар Қайырбекова вице-министр Фатима Жақыпованың диссертациялық жұмысының жартысынан көбі бөтен ғылыми еңбектерден алынғанын мәлімдеген болатын. Оған қоса, Анар Қайырбекова білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мен жауапты хатшы Арын Орсариевтың үстінен Жемқорлыққа қарсы қызметке арыз түсірген еді. Ол министрлік өкілдерін қызмет көрсету туралы келісімге қол қою кезінде қысым жасады деп айыптаған.