$ 494.87  520.65  4.91

«Қорқынышты»: Алматыда тұрғын үйлер қисайып, қабырғаларындағы сызаттар ұлғаюда

Пәтер иелері кооперативінің өкілі Дана Рахимова да осы көпқабатты үйде тұрады. Оның айтуынша, Зерделі ықшам ауданында 30 үйдің сапасы сыр берген.

Алматыдағы бұрынғы Алғабас, бүгінгі Зерделі ықшам ауданында қисайған үйлер көбейген. Тұрғындарда жылдар бойы баспана кезегіне тұрып, әупірімдеп жеткен пәтер бір күнде қирап қалуы мүмкін деген үрей сейілер емес, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Қасеновтер отбасы бұл баспананы 28 жыл күткен. Бірақ, қазір қуаныштан гөрі, қирандының астында қаламыз ба деген қорқыныш басым екенін айтады.

«Қорқынышты. Немере үшін қорқасың. Ертең бірдеңе болып қалса, түн ішінде бір жағдай болып қалса, жер сілкінсе, жетінші қабаттан секіре алмайсың да. Қалай қашып құтыласың?» - дейді Ерік Қасенов.

Пәтер иелері кооперативінің өкілі Дана Рахимова да осы көпқабатты үйде тұрады. Оның айтуынша, Зерделі ықшам ауданында 30 үйдің сапасы сыр берген. Қабырғадағы сызаттар ұлғайып, есік пен терезе жабылмай қалған. Сондай-ақ, ықшам аудан тұрғындарының басым бөлігі әлеуметтік топ өкілдері екен.

«Ықшам аудандағы барлық үй қисайған. Біреуі 5, екіншісі 10, тіпті, кейбіреуі 30 сантиметрге дейін қисайғандары бар. Ал біздің үй 20 сантиметрге шалқайып кеткен. Негізі 15 сантиметрден асса, қауіпті саналады. Сондықтан біздің мұндағы әр сәтіміз қазір қауіпті. Әкімдікке айтып, шаршадық. Үйдің іргетасын бекіту жұмыстарын уақытша тоқтатып тастапты», - дейді Пәтер иелері кооперативінің өкілі Дана Рахимова.

Қала билігі жағдайдан хабардар. Олар мұндағы келеңсіздіктерді кезең-кезеңімен реттеп келе жатқандарын айтып ақталды. Дегенмен, бес жылда бар болғаны 7 үйдің іргетасын бекіткен. Қалған 23 көпқабатты баспана алдағы уақыттың еншісінде деп отыр.

«Бізде 24 үй қалған. Сол 24 үйдің біреуі 197-ші үй, оны біз жасадық. Қалып тұрған 23 үй. Енді ол үйлерге «ҚазҚСҒЗИ» АҚ өзінің тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тағы да 6 үй бойынша бізге қорытындыларын берді. Жұмыстарымызды осы жылдың аяғына дейін жалғастырамыз. Келесі жылы да бұл жұмыс әрі қарай жалғасады», - дейді жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев.

Тұрғындары 20 сантиметрге шалқайып кетті деген 151-үйге қатысты нақты шешім әлі жоқ. Басқарма екі айдан кейін дайын болады деп отыр. Демек, оны бекіту жұмыстары алдағы жылдың еншісінде қалмақ. Өйткені, кезекті тұрған 6 көпқабатты баспана бар.

Дәл қазір 160-үйдің іргетасы қатайтылып, тағаны бекітілуде. 151-үйдің тұрғындары да дәл осындай жұмыстарды талап етеді. Алайда, олардың сапалы болатынына сенімсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары