Балқаш қаласында жасөспірім қызды зорлады деген күдікпен полиция қызметкері қамауға алынды деген ақпарат рас болып шықты. Бүгін ІІМ ресми өкілі Айгерім Оразалиева өзінің Facebook парақшасында полиция қызметкеріне 14 жастағы қызды зорлады деген айып тағылғанын растады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторында түсініктеме беріп жатыр. Тәртіп сақшысы бой тасалап, Қарағанды облысынан шығып кетпек болған.
Естеріңізде болса, тәртіп ақшысының мұндай масқара қылығын «Не молчи KZ» ұйымы хабарлаған болатын. Дерек көзінің жазуынша, оқиға 5 шілде күні Балқаш қаласында болған.
«Бастапқыда полиция қызметкері 14 жастағы жасөспірім қызды ұнатып қалып, өзінің арам ойын іске асырмақ болған. Ол қыздың анасына «саяжайларыңа ұры түсті, ол сендердің аулаларыңа есірткі өсірді» деп алдап, қызының нөмірін сұрап алған. Кейін құқық қорғау органының қызметкері қызға хабарласып, «сен есірткі қабылдадың» деп бопсалаған. Полицей жасөспірім қызға «әкеңді 10 жылға түрмеге қамайды» деп қоқан-лоққы көрсетіп, өзінің дегеніне көндірмек болады.
Полицей 5 шілде күні WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, қажетті құжаттарға қол қою керегін айтып, кездесуге шақырады. Жасөспірім қыз қорыққанынан өзі тұратын үйінің мекенжайын айтқан. Полицей үйіне келіп, жасөспірімге есірткі қабылдағаны туралы мойындау хат жазғызып алады. Содан соң оны жыныстық қатынасқа итермелеп, болған жәйт туралы ата-анасына айтпауға уәде бергізеді» делінген «Не молчи KZ» ұйымының Facebook-тағы жазбасында.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, барлық жазба мен қоңыраулар сақталған.
«Жасөспірім қыз бір апта бойы үндемейді. Содан 12 шілде күні ғана үлкен әпкесіне көрші полицейдің бопсалап, зорлағанын айтып береді. Кейіннен анасы Балқаш қаласының полициясына арыз жазған. Алайда полиция іс қозғаудан бас тартқан. Яғни олар өз қызметкеріне қатысты іс қозғай алмайтынын айтып, құжаттарды Қарағанды облыстық полиция департаментіне жолдайды.
Жәбірленушіге ешқандай да сараптамалық анализ сынды тексерістер жүргізбейді. Тек полицей қызметкерін 13 шілдеде жұмыстан қуумен ғана шектелген. Кейін полицей қыздың анасынан арызды қайтарып алуды сұраған. Ол қызға өткен жылы 14 жасында (қазір қыз 15 жаста) ғашық болып қалғанын және отбасында жалғыз асыраушы екенін айтқан.