Биыл Құрбан айт мерекесі жылдағыдан ерекшеленбек. Дүниежүзіне орасан зарбап тигізіп отырған коронавирус індетінің салдарынан мешіттерде Айт намазы оқылмайды және адамдардың келуіне де тыйым салынған. Еске сала кетсек, қасиетті Құрбан айттың датасы ғұламалар кеңесінің бекітуімен 31 шілде мен 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп тұр. Құрбандық шалу рәсімі де өзгеше болмақ. Ниет білдірген азаматтар бүгін кешке дейін қашықтықтан құрбандық шалуға тапсырыс бере алатын болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
«Пандемия жағдайына байланысты, биылғы онлайн бойынша құрбандық шалынған кезде еттің үштен бірі шалған адамға берілмей, түгелдей аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестірілетін болады», - деді ҚМДБ төрағасы – бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетерлік тағы бір жәйт, бұл жүйе қала тұрғындары үшін тиімді. Қазірдің өзінде сайтқа елдің түкпір-түкпірінен құрбандық шалуға 1300-ден астам адам ниет білдірсе, 18 мыңнан астам мұқтаж отбасы өтініш беріпті.
«Ауылдағы ағайынға қазіргі кезде құрбандықты өзінің отбасымен шалып, санитарлық нормаларға сай таза ауада аз адам – өзінің отбасымен құрбандығын шала алады. Сондай мүмкіндіктер бар. Біздің қазіргі құрбандық акциясын өткізіп жатқандағы мақсатымыз қалалық жерлерде ыңғайлы», - деді «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев.
Имамдар құрбандыққа шалынатын ұсақ және іріқара малдарға қойылатын талаптарды да атады. Мал соятын орындар да әзір тұр. Мұнда санитарлық талаптар ескеріліпті. Қасапшылар, имамдар мен әкімдік өкілдері және ет тарататын еріктілер де таңнан бастап сол жерде болады. Ал бөгде адамдардың келуіне шектеу қойылған.
Нұр-Сұлтан қаласындағы мал базарлардың бірінде тілшілерге сұхбат берген саудагер Шерхан Базарбек өздеріне қойлардың жан-жақтан әкелініп жатқанын айтты.
«Көбіне Ерейментаудан, Баянауылдан келеді. Құрбандыққа шалынатын құлақ-бастары бүтін. Қазір шөп-жемнің бағасы да қымбат болып тұр. Соған байланысты, қойдың бағасы да шарықтап кетті. Ең қымбаты – 80 мың теңге, ал арзаны – 30 мың теңге болады», - дейді ол.
Айта кетерлігі, ҚМДБ көпшілікті Құрбан айт кезінде қонаққа бармауға шақырады. Ал әлеуметтік желі арқылы бір-біріне ізгі тілек жолдап, сыйлық жөнелткеннің сөкеттігі жоқ.