$ 494.87  520.65  4.91

Карантин: Атырауда «тыныш жүрмей» күйеуінен қашқан әйелдер паналайтын орын жоқ

«Психологияда «құрбандық позициясы» деген термин бар. Ол адамның өзін қадірлей алмайтынын, сол себепті, басқаға да сыйлата алмайтынын көрсетеді. Мен қиындыққа ұшыраған әйелдерді кінәлаудан аулақпын, бірақ, олар осы «позициясын» өзгертпесе, ештеңе де өзгермейді», – дейді психолог.

Биыл жыл басынан бері Атырау облыстық Полиция департаментінде 428 тұрмыстық арыз-шағым тіркелген. Салыстырмалы түрде бұл сан былтырғы деректі төңіректейді, бірақ, облыстық Полиция департаментінің аға инспекторы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, бір үйде бірге тұратын адамдардың карантин кезінде шаршай бастағаны аңғарылады.

Бір-біріне «күн көрсетпейтін» міндетті түрде ерлі-зайыптылар емес, қайын атасына, енесіне немесе басқа да отбасы мүшелеріне шағымданатындар да кездесіп тұрады екен. Өзбекстан азаматшасы Зуһраға (есімі өзгертілді) жақында дос-жарандары мен жай ғана жанашыр жандар ақша жинап беріп, таксиге отырғызып жіберген. Қатаң карантин жағдайында тұрған қалада пойыз қозғалысы тоқтаған, ұшақ құны қымбат. Келіншек қайткенде де бір көліктен екіншісіне мініп отырып, Нүкістегі төркініне жетіп алмақ.

«Бұрын вахтада істейтін күйеуім екі айдан бері жұмыссыз қалды. Қолы бос болғасын өзі сияқтылармен бірге ішеді, қол жұмсайды. «Полиция шақыртып, он бес күнге салып жібер» дегендер болды, бірақ, бұл жақта жалғызбын, сөзімді сөйлейтін ешкім жоқ, одан сайын ашуландырып алармын деп қорықтым», – дейді Зуһраның өзі.

Бірнеше рет түн мезгілінде жолдасынан қашып келіп паналаған келіншекті аяған көршілер мен таныстары әке-шешесіне қайтарып жіберуді ұйғарған. «Бақсақ бақа екен» демекші, карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамға қазіргі күні Атырауда баратын жер де болмай шықты.

Мұнайлы өңірде әйелдер үшін мұндайда қалалық дағдарыс орталығы мен жалғызбасты аналарға арналған «Аналар үйі» жұмыс істейді. Бірақ, олардың екеуінде де карантин жарияланғанға дейін келген қыз-келіншектер жатыр. Одан бергі кезеңде уақытша паналайтын жер іздеген нәзік жандылар короновирус инфекциясы бойынша анықтама тапсыруы керек. Мұндай тестінің анықтамасы екі аптадан кейін шығатынын және барар жер, басар тау таппай қиналып жүрген әйелдердің көбінесе бір немесе бірнеше баламен жүретінін ескерсек, жағдайдың қаншалықты күрделі екендігін байқау қиын емес.

Әзірге аталған екі мекеме де телефон арқылы жұбатып, интернет арқылы онлайн ақыл-кеңес берумен шектеледі. Ондағы психологтар хабарласқан қыз-келіншектерге «карантин біткенше шыдай тұруға» кеңес беретіндерін жасырмайды.

«Телефон соғып, көмек сұрайтындар, жасырмаймын, бар. Кейде сөйлесе келгенде проблеманы адамдардың өздері тудырып отырғаны көрінеді, бір-біріне жеңістік бергісі келмейді, мінезін көрсетеді. Ондайда басу айтып, сабырға шақырамын. Әзірге жаңадан ана мен бала қабылдай алмаймыз, облыстағы жағдайды өзіңіз де білесіз, науқас жандар келсе іштегілердің бәрі жаппай ауыруы мүмкін», – дейді «Аналар үйінің» директоры Гүлфариза Ғұбашева.

Отбасылық тәрбиелеу психологы Ғайни Сұлтанованың айтуынша, атыраулық психологтар қазіргідей қиын кезде тұрғындарға тегін көмек те беріп отыр. Әдепкіде кісілерді қажет кезінде үйінде қабылдап, психологиялық көмек беріп отырған коуч пневмониямен ауырып тұрғаннан кейін тек қана онлайн-режимге көшкен.

«Менің байқағаным, карантин кезеңінде жиі ұрысып-керісіп, тіпті, ажырасып жатқан ерлі-зайыптылардың дені – бұған дейін де аралары онша болмай, қарым-қатынасына сызат түскендер. Әйтпесе, бір-біріне, бала-шағаға көп уақыт бөлетініне қуанып, қызықты күн кешіп жатқан отбасылар да көп.

Екіншіден, психологияда «құрбандық позициясы» деген термин бар. Ол адамның өзін қадірлей алмайтынын, сол себепті, басқаға да сыйлата алмайтынын көрсетеді. Мен қиындыққа ұшыраған әйелдерді кінәлаудан аулақпын, бірақ, олар осы «позициясын» өзгертпесе, ештеңе де өзгермейді», – дейді Ғайни Сұлтанова.

Қалалық жұмыcпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, биыл 150 неке бұзылған. Жыл басынан бері 918 адам ажырасуға арыз беріп, оның 604-інің өтініші қанағаттандырылған, 179-ы медиация әдісімен татуласыпты. Салыстырмалы түрде бұл сандар да былтырғыдан аса көп емес.

Өкілетті органдардың қызметкерлері оның себебін «қазіргідей кезде ажырасудың тиімді еместігімен» түсіндіреді. Бұдан бөлек, аудан, ауыл тұрғындарының арызданып, айырылып-қосылып жүруіне жүріс-тұрысының шектелгені де кедергі келтіріп отыр екен.

Құралай ҚУАТОВА

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары