Калия лақап атымен танылған әнші Stan.kz-ке берген сұхбаты барысында балаларға жыныстың тәрбие беру жайлы сөз қозғады. Оның пайымдауынша, "қазақтың кішкентай ұл балаға "әпшу берші" деуі педофилия екен.
Мәселен әнші әрі БҰҰ-ның Халықтық қоры ЮНФПА қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі спикері Калия "Айдалада жүрген адам баланың жыныстық мүшесін ұстауы не сұмдық?!" деп таңданып отыр.
"Бәрі сол жыныстық білімге алып келеді. Қайтадан сол жыныстық тәрбие мәселесі. Мен мамандармен сөйлесіп, жыныстық қатынас жайлы балабақшада айтуға болады деген жауап алдым. Балабақшада оның жасына сай ақпарат берілуі керек. Мәселен, әжетханаға қалай бару керек, содан кейін қалай жуынуы керек? Сонымен қатар бізде біртүрлі ерекшелік бар. Біз ешқашан жыныстық мүшелерді өз атымен атамаймыз. Сондай-ақ, егер саған ұнамаса, саған ешкім қол тигізбеуі керек деп әу бастан үйретуіміз керек.
Негізі әр адамның ішкі рефлекстері бар, оны сеземіз. Егер мен сіздің қолыңызды алып, амандассам, онда сіз маған ешқандай күмәнмен қарамайсыз, өйткені, ол қалыпты нәрсе, ал егер мен сіздің қолыңызды ұзақ ұстап, оны сипалап, басқа көзқараспен қарасам, бұл жерде бір нәрсенің дұрыс еместігін түсінесіз. Кішкентай бала да ондай нәрсені жақсы сезеді.
АҚШ-та балаларына "If somebody touches you and you feel it's wrong, it's wrong", яғни, біреу сені ұстаcа және сен өзіңді жайсыз сезінсең, ата-анаңа айтуың керек. Сондықтан америкалық балалар осындай жағдайға тап болса, не істеу керектігін біледі. Ал бізде өкінішке орай ондай жоқ. Бізде үлкен адамға қарсы сөйлеуге болмайды, сондықтан балалар көріп жатқан қорлықтарын ата-аналарына айта алмай, жылдар бойы жәбір көріп жүре береді.
Мен мысалы, "әпшу берші" деген дәстүрді түсінбеймін және соған байланысты өз пікірімді білдіріп, сынның астында қалғанмын. "Сіз түсінбейсіз, сіз білмейсіз", - деп мені біраз жерге апарып тастады. Осы дәстүрмен ұл баланың жыныстық мүшесін тарту арқылы, оны сүндеттеуге дайындайды екен. Неге оны бәрі ұстауы керек? Керек болса, оның ата-анасы бар ғой, бөтен адамға олай істеудің қажеті не? Айдалада жүрген адам баланың жыныс мүшесін ұстауы не сұмдық, бұл барып тұрған педофилия ғой.
Бізде Қазақстанда жеке шекара деген түсінік мүлде жоқ, сондықтан бала өзін бөтен адам ұстаса, бұл қалыпты жағдай деп ойлап, қарсылық білдіре бермейді. Балаға кішкентайынан саған ешкім қол тигізе алмайды, ол дұрыс емес деп үйретуіміз керек, сонда ғана бала өзін қалай қорғау керектігін кішкене болса да білетін болады", - деп өз пікірін білдірді.