Алматыда алаяқтар өздерін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері ретінде таныстырып, қала тұрғындарына бетперде режимі мен карантинді бұзғаны үшін айыппұл салып жүр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы кешегі онлайн-брифинг барысында мегаполистің бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
«Қалада бір топ жас жігіт және бір қыз жұмыс істейді. Олар өздерін санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлері деп таныстырады. Егер бұзушылықтар анықталса, олар ақша талап етеді. Мұндай жағдайда ресми куәлікті талап еткен жөн. Сондай алаяқтар бар екенін де ұмытпауымыз керек», – деді ол.
Сондай-ақ, мұндай жағдайлар туралы ақпаратты Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне беруді сұрады.