08.08.2020, 16:12

Екібастұздағы №25 Қазақ қыздар гимназиясы 27 жылдан бері ғимаратқа жарымай отыр

Екі ауысым болғандықтан және класс-кабинеттерінің жетіспеушілігінен балалар қосымша білім алуына, үйірмелер мен секцияларға баруына мүмкіндік жоқтың қасы.

Екібастұз қаласындағы №25 Қазақ қыздар гимназиясы 27 жылдан бері ғимаратқа жарымай келеді. Тіпті, оқушыларға сынып жетпегендіктен балалардың қосымша білім алып, үйірмелерге қатысуға мүмкіндік жоқ көрінеді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, қоғам белсендісі Ерлан Саировтың Facebook парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желідегі жазба Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақовтың атына жазылған. Жазбаға көзжүгіртсек, басыбайлы ғимаратқа армандап тағаты таусылған ұстаздарың білім беру деңгейлері жоғары, гимназия оқушыларының жетістіктері жетерлік.

"Құрметті Әбілқайыр Бақтыбайұлы!

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде менің атыма, Павлодар облысы Екібастұз қаласының №25 Қазақ қыздар гимназиясы ата-аналарының және Екібастұз қаласы жұртшылығынан өтініш келіп түсті.

Өтініште (түпнұсқасы төменде көрсетілген) 1993 жылдан күні бүгінге дейін, 27 жыл бойы жеке ғимаратсыз күй кешіп, осы жылдар ішінде төрт рет орын ауыстырып, 2008 жылдан бері 1200 оқушыға лайықталған. №24 орыс тілді мектеп ғимаратының 200 орынға лайықталған бір қанатында 422 оқушы қыздар білім алып жүр деп көрсетілген. Мектеп 13 ғана класс-кабинеттерін берген, оқушылар ІІ ауысымда оқиды. Екі ауысым болғандықтан және класс кабинеттерінің жетіспеушілігінен балалардың қосымша білім алуына, үйірмелер мен секцияларға баруына мүмкіндік жоқтың қасы. Гимназияның жетістіктері де аз емес, сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие беріп жатқан мұғалімдерінің білім беру деңгейлері жоғары.

Жергілікті әкімшілік 2017, 2018 жылдары жаңа ғимаратты салып береміз деп жазба түрде жауап берген. 2018 жылдың 11 маусымында сол күні қала әкімі Қайрат Нүкенов: «21 шағын ауданда қазақ қыздар гимназиясына арналған 900 орынға лайықталған мектеп құрылысын салуға жобалық сметалық құжаттама әзірленді» - деген жауап хат жіберген.

23 жыл болды, "баяғы жартас, сол жартас". Бұл әділетсіздіктің тамырына балта шабатын уақыт жетті", - деп жазған Ерлан Саиров бұл мәселені түбегейлі шешуге "облыс әкімінің шамасы жете ме?" деп отыр. 

ҰҚК мүшесінің пайымдауынша, облысы әкімшілігі осы мәселені әділетті әрі нақты шешіп беруі керек. Оған қоса, Ерлан Мырза облысы әкімінің атына ресми хат жолдап, хатына тұшымды жауап алатынынан дәмелі екендігін анық байқатты.