Атырау облысын биыл қуаңшылық жайлады. Қыста қардың аз түсуі, жаңбырдың мүлде болмауы мал шаруашылығын тығырыққа тіреп тастады. Бұл тек қана малдан өнім алып, күнелтіп отырған ауыл тұрғындарына ғана емес, жалпы аудан экономикасына айтарлықтай залалын тигізетін түрі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгінде ірі шаруашылықтар еліміздің астықты аудандарынан мал азығын сатып ала бастаған. Алайда, оның бағасы қымбат, ал мемлекеттен субсидия қарастырылмаған. «Елтай» ауылының байырғы тұрғыны Қайырлы Құспанов ақсақал осындай жұтты жаздың соңғы жарты ғасырда болмағанын айтады. Көктемде көгермеген жайылым мен шабындықтар маусым айында-ақ күйіп кетіпті. Амалы құрыған ақсақал азғантай малын қолдан азықтандырып отыр.
«Шығарып келеміз малды. Ал өрістен аш келеді. Жерде жейтін дым жоқ. Азын-шоғын жусан болатын, оның түбіне дейін жеп қойды. Мінекей, келген уақытта жемдейміз. Келін де, бала да жұмыста жоқ, бос. Осы менің зейнетақыммен және осы малмен отырмыз. Сонымен отбасын асыраймыз», - дейді ол.
Жем-шөп зардабын ірі шаруашылықтар да тартатын сыңайлы. Мысалы, Индер ауданындағы Төлес шаруа қожалығында 150 бас сауын сиыр бар. Мал азығын дайындауды ерте қолға алған қожалық иесі тірліктің мандымай тұрғанын айтады. Жылда суармалы көлтабандардан 25-30 тонна шөп дайындалатын. Биылғы түсім әр гектарына 1,2 проценттен аспай тұр. Жылда бір бума шөптің бағасы 7-9 мың теңге болса, биыл-12-15, тіпті, қысқа қарай 20 мың теңгеге жетіп қалады деп қорқады шаруалар.
«250-300 тонна шөп керек, жоқ дегенде. Мал басына 2 тоннадан есептегенде. Ал дайындағанымыз әлі 30-40 тоннаға да жетпейді. Жемнің өзі 90 мың теңге, тоннасы. Енді 65 мыңнан көмек дейді, оның өзі біз үшін қымбат. Мысалы, біз малға 50 тонна жем аламыз. Алған жағдайда субсидия болса дейміз ғой», - дейді шаруа қожалығының жетекшісі Қайрат Исаев.
Ауданда түйе мен жылқыны айтпағанда, 2 мыңға тарта мүйізді ірі қара мен 90 мыңдай қой-ешкі бар. Оны қыстан шығару үшін 55 тоннадай шөп керек екен. Ал әзір дайындалғаны 18 процентке жетпейді. Амалы құрыған индерліктер мал азығын көршілес астықты аймақтардан тасымалдауға кіріскен. Оның бағасы да өте жоғары. Өкініштісі сол, мал азығын дайындауға мемлекеттен бөлінетін субсидия 4 жылдан бері төленбепті. Жергілікті билік бүгінде мал азығын дайындауды ұйымдастыруға жанталасып жатыр.
«Жемнің тоннасы БҚО-дан 65 мың теңгеден келейін деп тұр. 5 класты бидай өнімі. Бұл да шаруашылықтарға қиындау. Мына бидай көбірек шығып жатқан Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарынан кішкене арзандатылған, қолжетімді бағамен жеткізілісе, тиімді болар еді. Субсидия биыл қарастырылмаған. 2016 жылдан бері. Биыл да болмайтын болар, келер жылға ғана өтінім, ұсыныстар беріліп жатыр», - дейді Индер аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Әбдіров.
Мұндай жағдай Индерден өзге, Махамбет, Мақат аудандарына да тән. Келер қыстың кәрінен қорыққан шаруалар мал басын күрт азайта бастапты. Алайда, арық малды өткізу де оңай емес. Егер мемлекеттен көмек болмаса, алдағы жылы көптеген малшы қорасын жауып, таяғын ұстап қалғалы отыр.