Адамзат тарихындағы ғылыми ойдың дамуына көз жүгіртсек, әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің еңбектері ерекше көзге түседі. Ғұламаның философиялық сарындағы ойларымен қатар, бірқатар сала бойынша бүгінге қалдырған мұралары баға жетпес құндылық. Шығыс ойшылының ақындығы да өз алдына бір бөлек. Астарында көңілге ой салар мән-мағынасы бар әл-Фараби өлеңдері өскелең ұрпаққа жол көрсетер шамшырақ іспетті.
Бүгінде қазақ даласының әр түкпірінде Отырар өлкесінен шыққан ғұлама ғалымның ғажайып туындылары жатқа оқылып жүр. Осы орайда Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Шамшат Төлепова атындағы мәдениет үйінің қызметкерлері Шығыс ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Өркениет шырақшысы» айдарымен челлендж өткізуде. Челленджді жолдаған мәдениет үйінің хореограф-маманы Жазира Сәтбергенова әлеуметтік желі арқылы оқырмандарға әл-Фарабидің «Қашықтасың» өлеңін оқып берді.
Қашықтасың туған жер – қалың елім, Небір жүйрік болдырып жарау деген. Шаршадым мен. Қанатым талды менің, Шаңқыт жолға сарылып қарауменен.
Кері оралмай жылдарым жатыр ағып, Қасіреттің жасына көз жуынар. О, жаратқан, көп неткен ақымағың, Құм сықылды тез ысып, тез суынар.
Зиялы аз бір тұтам тіршілікте, Әкімдікке куллісі жүгіреді. Көкірекпен сезініп, күрсініп көп, Жаным менің түршігіп, түнереді.
Кайтейін мен көкжиек кеңдгімді. Келер күнге үмітпен жол ашамын. Қос шөлмекпен өткіздім өмірімді, Соны медет етеді болашағым.