"Біз «бюджеттік ақша» деп айтуға дағдыланғанбыз, ал іс жүзінде оларды «халықтық» деп атаған дұрыс болар еді. Себебі, бұл – біздің және біздің балаларымыздың ақшасы. Егер біз қатысымыз жоқтай «шеттеп», халықтық қаржыны өз бақылауымызға алуды үйренбесек, тәртіп болмайды", -дейді Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев.
Ректордың айтуынша, бұл жұмысты одан әрі жандандырып, жұртшылықты көбірек тарту керек.
"Қазір елордада «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында қоғамға пайдалы жұмыс жүргізілуде. Бірақ бұл жұмысты одан әрі жандандырып, жұртшылықты көбірек тарту керек, ол сыбайлас жемқорлық астарын, елордада халық бюджетін жұмсайтындардың қателіктері мен кемшіліктерін жарыққа шығаратын, ашық және шынайы халықтық бақылау жүйесіне айналуы керек.
Бәріміз де ел экономикасы үшін қиын кезең келе жатқанын түсінеміз. Дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі мен күрт қымбаттауы түрінде оның алғашқы қиындығын да көрдік. Ал күзде азық-түліктің айтарлықтай қымбаттауы және оның импортына қатысты мәселелер туындайды деп ойлаймын", - дейді ол.
Сонымен қатар ол жақында Нұр-Сұлтан қаласының азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорының жағдайымен танысқанын айтады. Айтуынша, бақылауға алатын дүние жетерлік.
"Әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдерінің 18 түрін қалыптастыруға 3,6 миллиард теңге бөлінген(!). Оған қосымша 1,5 миллиард сұрайды. Бірақ басты мәселе – «халықтың сұранысына ие бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін, осы қомақты қаржыны қалай барынша тиімді пайдалануға болады?» деген сұрақта.
Бұрын тұрақтандыру қорларының тұжырымдамасы дайындалған кезде, өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы біздің фермерлерден ауылшаруашылық өнімдерін сатып алып, оларды өз қоймаларында сақтап, сұраныстың шарықтау кезеңінде сату жоспарланатын. Ал қазір барлық бөлінген ақша бірнеше ірі сауда-саттық кампанияларына(?) пайызсыз несие түрінде беріліп, олар тауардың белгілі бір көлемін белгіленген мерзім аралығында бекітілген бағамен сатуға міндеттеме алады екен.
Осыдан сұрақтар туындайды: олардан көбірек және арзанға сатып алуға болатын еді ғой? Бұл сауда компаниялары өнімді тек қазақстандық фермерлерден сатып алмайтыны ашуыңды келтіреді. Сонда біздің шаруашылықтар өсірген өнімдерін сата алмай жүргенде, біз өз ақшамызды көршілерімізді қолдауға жұмсаймыз. Бұл тек бір ғана мысал. Осындай тұрақтандыру қорлары барлық облыстарда құрылған, яғни бұл – бірнеше ондаған миллиард теңге қаржының сыртқа кетуі. Осындай әлеуметтік маңызды жобаларды өзіміз бақылауға алғанда ғана, жоғарыда қойылған сұрақтардың жауабын таба аламыз.
Сондықтан «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында жақын арада Нұр-Сұлтан қаласының азық-түлік тұрақтандыру қорына белсенді азаматтарымыздың қатысуымен қоғамдық бақылау жүргізуді ұсынамын. Шекенов Мирас Менің ойымша, бұл уақтылы және пайдалы болады", - деп атап өтті ол.