22.08.2020, 07:05

Қаңтардан бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері 7 пайызға өседі

фото: otyrar.kz
Заң жобасы 2020 жылдың 4 қыркүйегіне дейін қоғамдық талқыда болады.

Ең төменгі зейнетақы мөлшерін өсіру жайы Қаржы министрлігі «Ашық НҚА» порталына орналастырған «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сонымен, «2021 жылғы 1 қаңтардан бастап: – жалақының ең төмен мөлшерi – 42 500 теңге; – мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері –18 524 теңге; – зейнетақының ең төмен мөлшерi – 42 272 теңге; – жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш – 2 917 теңге; – базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 34 302 теңге болып белгiленсiн.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың мөлшерлерін 7 пайызға көтеру ескеріле отырып көзделген деп белгіленсін», - делінген заң жобасында.

Сонымен қатар 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлеуге жататын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға мемлекет жарналарының мөлшері – мемлекет жарналарын есептеу объектісінен 1,6 пайыз деп белгiлеу ұсынылады.

Одан бөлек, құжатта 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілерге (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) және арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне тұрғынжайды күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақының айлық мөлшерi 3 739 теңге сомасында белгiлену жайы да айтылады. Заң жобасы 2020 жылдың 4 қыркүйегіне дейін қоғамдық талқыда болады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта ең төменгі зейнетақы мөлшері – 40 441 теңге.