$ 444.22  476.38  4.82

СҚО-дағы бір қожалықтан сауатсыз әрі құжатсыз балалы әйел табылды

Әйел сөйлесуден бас тартқан, алайда, әйелдерді қолдау орталығының қызметкерлері оны тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталыққа жүгінуге көндірді.
фото: diapazon.kz
фото: diapazon.kz

Солтүстік Қазақстан облысындағы шаруашылықтардың бірінен құжаты жоқ, сауатсыз әйел мен оның 8 жасар қызы табылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, жергілікті Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«10-12 қыркүйек аралығында өңір полицейлері «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс жүргізді. Іс-шараның мақсаты – адам саудасымен байланысты қылмыстарды ашу және жолын кесу. Тәртіп сақшылары монша, қонақ үй кешендерін, ойын-сауық орындарын, құрылыстарды, шаруашылықтарды және басқа да нысандарды тексерді. Жұмысқа облыстық әкімдіктің мамандары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және волонтерлер тартылды», - дейді полицейлер.

Осындай тексеру барысында облыстағы фермерлік қожалықтардың бірінде тәртіп сақшылары 8 жасар баласымен 1988 жылы туған әйелді анықтады. Анасы да, қызы да құжатсыз, сауаттары жоқ. Әйел сөйлесуден бас тартқан, алайда, әйелдерді қолдау орталығының қызметкерлері оны тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталыққа жүгінуге көндірді.

«Қыз бала мектепке бармаған, орталықта алғаш рет ойыншықтармен ойнады. Қазіргі уақытта қызға және анасына медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетілуде. Әйелдің айтуынша, ол – Оңтүстік Қазақстанның тумасы екен. Құжат жасау үшін тұлғаны растау рәсімі жүргізілуде. Хабарлама Қазақстанның дағдарыс орталықтарының одағы адам саудасына қарсы күрес жөніндегі 116-16 тікелей желісіне келіп түскен. Кейін аумақтылығы бойынша СҚО полициясына жіберілді», -дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Жедел-профилактикалық іс-шарасының екі күнінде облыс бойынша жеңгетайлықтың бір фактісі, «Қоғамдық орындарда тиісу» бойынша 3 факті анықталды. Есепке 16 әйел қойылды десек, оның біреуі – Қырғыз Республикасының азаматы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары