Белгілі журналист Мақсат Толықбай сегіз жылдың ішінде 27 миллион теңгесінен айырылып қалған. Тележүргізуші алаяқтарға қалай жем болғанын айтып берді хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
32 жасына дейін төрт рет алданған журналист қазақстандықтарды арзан нәрсеге қызықпауға шақырды.
KAZ.NUR.KZ тілшісі Мақсат Толықбайдың қалай алданғанын анықтады.
Журналистің айтуынша, жиған-терген ақшасын үш рет баспана алып беремін деген алаяқтар иемденіп кеткен.
«Менің алданғаным кімге қызық? Өзгелерге сабақ болсын деп айттым. Өмірден түйгенім: арзан дүниеге жүгірмеңіздер! Әкең жасамаған жақсылықты ешкім жасамайды. Осы екі-ақ сөйлемнен тұратын сабақты 27 миллион теңгеге сатып алдым.
Бірақ адам қателік арқылы шындалады,өседі ғой. Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. "Үй алудың арзан жолын ұсынып жүрген кооперативтерге сенуге бола ма?" деп хабарласатындар көп. "Қымбат бағаға баспана сатып алып қайтесің, әкімдікте танысым бар" дейтін де алаяқтарды көрдім. Ешбір дүние оңайлықпен келмейді.
Бәлкім, осыны түсіну үшін төрт рет алдануым керек болған шығар?! "Журналист болып қалай алдандың?" дейтіндерге айтарым – алаяқ сенің кім екеніңе қарамайды , мейлі құқық қорғау саласында қызмет ет, мейлі журналист бол, жаныңа батқан нәрсені тауып, қас қағым сәтте арбауына түсіре салады", - дейді ол.
Ал төртінші мәрте тележүргізуші кәсіп ашамын деп тағы алаяқтарға тап болған.
Алаяқтардың арбауына төрт мәрте түскен журналист жақын арада баспаналы болудан үмітті.