31.05.2016, 05:36

Қазақстанда туберкулезге шалдыққан 68 адам дәрігерлерге ұстатпай жүр

Дәрігерлер осыған дейін жұқпалы туберкулез түрімен ауыратын 259 науқасты мәжбүрлі түрде диспансерге жатқызып, емдеу шараларын жүргізген. Осылайша, аурудың кең таралуына жол берілмепті. Десек те, өкпе құртына шалдыққан тағы 68 адам емделуден бас тартып, қашып жүрген көрінеді. Мұндай мәлімет ҚР Бас прокуратурасының медициналық мекемелерді тексеруінен кейін анықталды деп жазады Informburo.kz.

"Науқастардың мерзімді емделуден бас тартып, қашып жүргені анықталды. Бұл өз кезегінде дерттің асқынуына алып келеді және емделуі қиындай түседі. Инфекцияның ауа арқылы тарайтыны жағдайды одан сайын асқындырып отыр. Тексеру барысында туберкулездің жұқпалы түріне шалдыққан 327 адамның бостандықта еркін жүргені анықталды. Олар қоғамнан оқшауланып емделуі тиіс. Қолға алынған шаралардың барысында 259 науқас ауруханаға жатқызылды. Қалғандары іздестірілуде", - делінген ҚР Бас прокуратурасы таратқан хабарамада.

Денсаулық сақтау саласы мамандарының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 10 жылда Қазақстанда туберкулезбен ауыратындар саны 54,9 пайызға азайыпты, ал, осы аурудан көз жұматындар саны 77,4 пайызға қысқарған. Алайда, прокурорлық тексерулер бұл көрсеткіштердің бұрмаланғанын анықтады. Өйткені, алдын алу шаралары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Ал, медициналық қызмет түрлері өте сапасыз.