17.10.2020, 01:03

«Неге неге ауу»: балаңыздың тик-ток пен инстаграмда не түсіріп жүргенін білесіз бе? (ВИДЕО)

Егер осы бағытта кете берсе, онда ол балалар ертең ата-анасын тыңдамайтын, көп еліктегіш, жаман әдеттерге тез еліктеп кететін оқушы балаларға айналып кетеді.

Соңғы кезде желілерге желімдей жабысқан жеткіншектеріміздің кісі шошырлық әрекеттері белең алуда. Әлі оң-солын ажырата қоймаған ұл-қыздар құлаққа түрпідей тиетін сөздерді айтып, ересектерге тән қимылдар жасауға дейін барады. Ал балаларының бұл қылығынан ата-анасы хабардар ма? Жауапты мамандар қандай ескерту айтты?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Карантинде тик-ток бұрын-соңды болмаған рекорд орнатты. Сенесіз бе, ерікеннің ермегі деп жүрген қосымшаны екі айда екі миллиард адам жүктепті. Дені бесіктен белі шықпаған балалар екен.

Иә, қазір телефонға телміріп, желіге желімдей жабысып, камера алдында контент жасап жүрген ұл-қызымыз көп. Әлі оң-солын ажыратпаса да, смартфонның қыр-сырын ересектерден жақсы біледі. Мұндайда, үлкендердің "ақыр заманның балалары" деп қалжыңдайтыны бар емес пе?

Алайда бәрі бірдей тәтті қылығымен тәнтті етіп, жасына жарасымды контент түсірсе қане?! Ересектерге еліктеп, ерсі қылықтарға барып жүргендері де жоқ емес.

"Соска қайда соска?" Міне, камера алдында селкеңдеп, желідегі аға-әпкелеріне еліктегендерден бір мысал. Не істеп, не қойғандарын өздері ұқпайды. Телефон қолдарында, әркім өзі би, өзі қожа.

"Ненавижу, ваш гарем, Сдохнет, Я Хюррем" Дегенмен, үйдегі ұл-қыздардың үлкендерге еліктеп контент түсіруі қаншалықты дұрыс? Мамандар қазірдің өзінде алаңдайтындай себеп бар дейді.

Альмира Ідірісова, психолог, бастауыш сыныптың мұғалімі:

Егер осы бағытта кете берсе, онда ол балалар ертең ата-анасын тыңдамайтын, көп еліктегіш, жаман әдеттерге тез еліктеп кететін оқушы балаларға айналып кетеді. Сонда қайтпек керек?

Альмира Ідірісова, психолог, бастауыш сыныптың мұғалімі:

Контентке фильтр жасау керек деп ойлаймын. Өйткені фильтр жасасақ, біз баланың не көргенін қолымызда ұстаймыз. Жалпы әр ата-ана бақылауда ұстау керек баласын. Еркіне жіберуге болмайды.

Иә, баланы жаман контенттен сақтаудың бірден-бір жолы тик-ток түсіруіне тыйым салу емес. Өйткені баланың сөзіңізге көне қалуы екіталай. Бірақ сүйікті ісіне тыйым салған ата-анасына ренжуі әбден мүмкін дейді сарапшылар. Сондықтан ең дұрысы, әлі оң-солын ажыратпаған оның не түсіріп жүргенін бақылау, тексеру, керек десеңіз қызықты контент жасауына көмектесу. Мұндайда сіз бірден екі жағдайда ұтасыз. Әуелі ұл-қызыңыздың ерсі әрекеттерге бармауын қадағалайсыз, екіншіден, бауыр еті балаңызға ең жақын дос ретінде боласыз.

"Сені таппасам, текке текке таппасам. Неге неге ауу." Мәселен, алматылық Перизат Алпыс жұмыстан тыс уақытын үнемі балаларына ғана арнайды. Ал ұлы мен қызы тик-токқа қызыққасын, оны да бірге түсіре бастадық, дейді.

Әдия, үш жаста:

Мен тик-токты жақсы көрем, күнде көрем тик-токты. Перизат Алпыс, қала тұрғыны:

Мен қызыма кешке дейін қолына телефон беріп қоймаймын. Тіпті мүлдем бермеймін десем де болады. Тек қана өзімен бірге түскен кезде, немесе ол өзі менен сұрғанда түсірейін деп. Оның өзінде сыртынан бақылап тұрамын. Менің ойымша ата-ана кешке болсын, түстен кейін болсын, қолы тиген уақытта, баланың тиктогын, интаграмын міндетті түрде қарап шығу керек. Иә, тик-токтың да дәурені өтеді бір күні. Бұл уақытша ермек. Тек сол уақытты әр ата-ана бос өткізіп алмаса болды. Өйткені бүгінгі қызықтың ертеңгі шыжығын көретін өздері дейді мамандар.