25 жастағы Нұргүл Сейтмахамбет бес жыл бойы жолдасы, ата-енесі мен қайын сіңлісінен қорлық көріп келгенін айтты. Дінтанушыға тұрмысқа шығып, оған екі бала туып берген келіншек күйеуінің опасыздығы мен қайын жұртының сорақы әрекеттерінің кесірінен өмірінің астаң-кестең болғанын айтып, етегі жасақ толды. Нұргүлдің айтуынша, күйеуі өзі қыр-соңынан қалмай алып қашқан сүйіктісіне талақ беріп, оны перзенттерімен қоса тастап кеткен, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Нұргүл Сейтмахамбет жолдасының кесірінен бүгінде бар абыройынан айырылып, көшеге шыға алмайтындай жағдайға жеткен. Келіншектің сөзінше, өткен-кеткеннің барлығы оны талақпен тастап кеткенін сөз етеді екен.
25 жастағы әйел басынан өткен ауыр кезең туралы КТК арнасындағы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтып берді.
Бастапқыда Нұргүл қайын атасының көзіне түскен. Ол мерекелік шарада көріп қалған 20 жастағы бойжеткенді өзіне келін еткісі келіп, Сәлімбай есімді ұлымен таныстырмақ болған. Кейін алты ай бойы әкесі мен ұлы арудың қыр-соңынан қалмай, ақыры оны алып қашқан. Нұргүл Сейтмахамбет жігіттің сезімінің шынайылығына сеніп, оған тұрмысқа шығуға келісімін береді. Кейіннен қателік жасағанын түсінген.
"Мен келін ретінде табылдырықты аттаған күні барлығының шет-жағасын түсіндім. Сүймесем де тұрмысқа шықтым. Сосын күнде көресің, үйренесің. Бауыр басып, жақсы көре бастадым. Екі бала туып бердім. Енем, қайын сіңлім, жолдасым мен қайын атамнан көрмеген қорлығым жоқ. Намысымды таптады. Күйеуім "талақ" деп бетіме келіп айтқан жоқ. Оны маған атам береді екен. Неге екенін түсінбедім. Сол үшін шырылдап, осында келіп отырмын.
Күйеуім маған сатып алған құлдай қарап келді. Не үшін ол маған талақ береді? Менің жаңылыс басқан жерім болды ма? Ол көзіме шөп салды. Мен "неге олай жасайсың?" дегенімде "мен сені үш жүз мың теңгеге сатып алғанмын, не істесем де өзім білемін" деді. Мені екі баламмен тастап кетті", - деп өз жанайқайын жеткізді ол.