ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі primeminister.kz-ге сілтеме жасап.
Комиссия театрлар мен мешіттердің жұмысына қатысты бірқатар шешім қабылдады.
«Биыл 2 қарашадан бастап жұма намазын қоспағанда, мешіттерде ұжымдық намаз (бес намаз) өткізуге рұқсат етілсін, бірақ залда адам саны 100-ден аспауы керек. Сонымен қатар 2 м әлеуметтік ара қашықтықты, маска режимін, термометрияны, қатаң санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау міндетті», - делінген комиссия шешімінде.
Сонымен қатар комиссия 30%-ға дейін толығумен, бірақ залда 100 адамнан асырмай, театрлардың да жұмыс істеуіне рұқсат етті. Мұнда да әлеуметтік ара қашықтықты, маска режимін, термометрияны, қатаң санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау талап етіледі.