СҚО полицейлері аса ірі көлемде, жалпы салмағы 60 келіге жуық марихуана тәркіледі. Операция «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап
Петропавл қаласының Қизатов-Хименко көшелерінің қиылысында СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 44 жастағы жүргізуші басқарған «Toyota Mark 2» автокөлігін тоқтатқан. Жанында жолаушы болған. Көліктің жүксалғышынан скотчпен қапталған, өткір иісі бар өсімдік тектес зат салынған үш қап табылған. Сараптама қорытындысына сәйкес оның кептірілген марихуана екендігі анықталды. Алынған заттың жалпы салмағы – 59 келі 770 грамм, бұл аса ірі көлемдегі түріне жатады. Есірткінің жолаушыға тиесілі екендігі белгілі болды. Оның айтуынша, ол есірткіні белгісіз адамнан сатып алған және оны тасымалдау үшін жүргізуші жалдаған, қапқа салынған зат жайлы айтпаған.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-б. «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, полицейлер болған оқиғаның мән-жайын анықтауда.
«Бұл жыл басынан алынған есірткінің ең ірі көлемінің бірі. Барлығы жыл басынан заңсыз айналымнан 390 келіден астам түрлі есірткі заттары, оның ішінде 1 кг. 690 грамм синтетикалық дәрі-дәрмек алынды. Қылмыстық жауапкершілікке 85 адам тартылды. Облыста мамыр мен қазан айлары аралығында өтіп жатқан «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткімен заңсыз жұмыс істеудің 120 фактісі анықталды», - дейді СҚО Полиция департаментінің бастығының орынбасары полиция полковнигі Руслан Назаров.