Ислам діні дегенде әлем бойынша ең көп таралған дін, ұстанушы адам саны жағынан христиан дінінен кейінгі екінші орында тұрған жас дін екені ойға оралады. Дегенмен, алысқа бармай-ақ өз еліміздегі жағдайды сөз етер болсақ, қазақ халқы ежелден мұсылмандықты берік ұстанған, исламды өмір сүру салтына сіңіре білген әрі Құдайдан шын қорыққан халық екендігін жақсы білеміз.
Оған дәлел боларлық тарихи, әдеби, археологиялық және мәдени мұраларымыз да жетерлік. Тіпті, қысқа қайырсақ, қазақ ешқашан өзгенің ала жібін аттамауды және «көрші ақысы – Тәңір ақысы» екендігін есінен шығармаған.
«Құдайы қонақпын» деп танымайтын үйге кірген жолаушыны да жылы шырайымен күтіп алып, төріне шығарып, бар жылы жұмсағын алдына қоя білген жомарт халық еді. Яғни айтпағымыз ислам діні қазақ даласына бүгін келген жоқ. Соңғы сөйлемнің астын сызып тұрып оқуға кеңес береміз.
Себебі, бүгінгі қазақ қоғамында дін ұстанушы жастар арасында ислам дінін араб елінің мәдениетімен шатастыру немесе діннің нағыз құндылығын дұрыс түсінбеуден адасу факторлары жиі байқалады. Тіпті, адамдарды намаз оқитын, оқымайтындығына қарай бөлетін немесе нағыз исламның не екенін білмеген сауатсыздықтың кесірінен дін атын жамылған басқа ағымдарға еріп кету жағдайлары жиі көрініс беруде.
Осы тұста барлық мәселе – білімсіздіктен шығады дегенмен келіспеске болмас. Себебі, мамандардың айтуынша елімізде дін ұстанамын деп адасқан жастардың басым бөлігінде жоғары білімнің болмағандығы анықталған. Дегенмен, ауру болсын, кез келген кесел болсын оның алдын алғанда нәтиже болатындығы белгілі. Сондықтан Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы соңғы бірнеше айда «инстаграм» әлеуметтік желісіндегі «DIN_ALMATY» ресми парақшасында тұрақты түрде түрлі маман өкілдерінің қатысуымен тікелей эфир жүргізуде.
Егер сізде дінге қатысты кез келген сұрағыңыз болса осы парақшаға кіріп, тікелей эфир кезінде сауал қойсаңыз да болады. Сізге кәсіби мамандар жауап береді.
Ал ислам дініне оралар болсақ, жақында аталған парақшада профессор, философия ғылымының докторы Қайрат Затов ислам дінін қолға қару алып күресу, жарылыс жасау, шетел асып, Сирияға кету деген секілді жаңсақ түсініп жүрген адамдар үшін ислам – бейбітшілік дін екенін түсіндіріп берді.
Біле жүріңіз, ислам – татулық, ынтымақтастық дегенді білдіреді. Ол адамзаттың өмірінде өзара бауырмалдыққа, құрметке баса назар аударады. Тіпті, мұсылмандардың «ассалаумағалейкум» деп сәлем беріп, амандасуының өзі «сіздің үйіңізде тыныштық, берекет, татулық болсын» деген мағына береді. Мұның өзі діннің гуманистік сипатын аңғартса керек.
Исламда 622 жылы Медина конституциясы деген атпен енген құжат бар. Сол құжатта ислам сол кездегі арабия түбегіндегі яхудилер, христиандар қауымымен қалай бір елдің, бір мемлекеттің ішінде өмір сүру қажеттілігін ашып көрсетеді. Ел азаматтарының өздерінің дінін еркін ұстануы, сыртқы шабуылдардан бірге сақтану туралы баптары қарастырылған. Сонымен қатар, исламға дейінгі кезеңде Меккеде Әділет үйі деген болған. Исламға дейінгі уақытта оның Мекке сауда орталығы болғаны белгілі. Міне, сол Әділет үйінің мүшелері, арасында Мұхаммед пайғамбар бар, Меккеге келген саудагерлерді қорғау шараларын, олардың сауда-экономикалық құқықтарын қамтамасыз етуді қарастырған екен, – деген профессор Қайрат Затов ислам өзі пайда болған заманнан бастап адамдардың, әр түрлі ұлттар, діндер, мәдениет пен нәсілдердің арасындағы тату тәттілік пен бауырмалдықты қалыптастыруға баса назар аударғанын айтты.
Ислам діні қоғамдық өмірде орныққан соң зыммилар деген ұғым кең тараған. Зымми деген ол ислам елінің аумағында, ислам мемлектінің аумағында өмір сүретін басқа ұлттар мен діндердің өкілдері. Яғни оларға өздерінің діндерін ашық ұстауға ешқандай кедергі келтірмеуге құқықтық негіздер қалыптасқан. Сонымен бірге Мұхаммед пайғамбардың «зыммиларға қысым көрсеткендер менің үмбетімнен емес» деген хадистері де келтіріледі. Одан өзге ислам діні өзінің даму барысында көптеген әлеуметтік этикалық нормаларды дүниеге әкелген.
Солардың ішіндегі біреуіне тоқталар болсақ, ол көршіңмен тату бол деген этикалық-моральдық ұстаным. Яғни кез келген татулық отбасылық және ауыл-аймақтағы татулықтан басталады. Қазақтың «ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деуі де бекер емес. Мұсылмандардың ең жақсысы араздасып қалған екі адамды татуластыру дейді. Бұл өте сауапты амалдардан саналады. Сол сияқты ислам адамның абыройына, оның жеке тұлғалық қасиеттеріне өте үлкен мән береді. Мәселен, исламда адамның кемшіліктерін бетіне басып, мазақ ету, келемеждеуге рұқсат етілмейді, тыйым салынады. Қарап отырсаңыз мұның бәрі жалпы адамзаттық адамгершілік құндылықтармен үйлесіп жатқанын көруге болады.
Сауда-саттық қарым-қатынастарын жасаған кезде адамдар өздерін қалай ұстауы керек дегенге де ислам баса назар аударады. «Таразыға тартушылар» деген аяттарда сауданы адал, дұрыс жасау қажеттігі айтылады. Яғни сауда жасап отырған адам өз мүддесін, пенделік мақсаттарын басшылыққа алып, сауда жасаушы екінші тарапты алдамауы қажет. Сатып тұрған тауарының қандай кемшіліктері бар, оны жасырмай айтуы тиіс. Саудадағы адалдық мәселесі исламның басқа да аймақтарға тез таралуына түрткі болған, – деді профессор.
Исламда ахлақ, яғни көркем мінезділік деген бар. Ислам діні адамдардың қарым-қатынасындағы мейірімділікті алдыңғы қатарға қояды. Өмір болған соң адамдардың арасында реніш, түсініспеушіліктің орын алуы заңдылық. Бірақ сол жағдайдағы негативті күйде қалып кетуге болмайды. Сіз өз кемшілігіңізді түсінсеңіз, үш күннен асырмай, ренжітіп алған адамыңыздан кешірім сұрауыңыз қажет. Ол өзіңіздің эмоционалдық көңіл-күйіңізге өте жақсы әсер етеді. Адамға күлімсіреп қараудың, күлімсіреп жүрудің өзі үлкен сауапты іс саналады. Ол сіздің адамдардың жақсылыққа, ізгілікке деген қажеттілігін өтегеніңіз болмақ.
Жамандық деген не дегенде бірқатар ойшылдар зұлымдық дегеніміз өмірдегі жақсылықтың жетіспеуінен дейді. Басқа дін өкілдерімен қарым-қатынасқа түскен кезде мұсылмандар сөз жарыстырмай, менің дінім өзіме, сенің дінің өзіңе деп сөз жарыстырмауды құп көреді. Өйткені, ислам діні үнемі басқа діндегі адамдарға, олардың таңдауына ерекше құрметпен қарайды. Себебі, ислам сыйластық, махаббат, мейірімділік секілді ізгі қасиеттерге сүйенеді.
Қазіргі проблеманың бәрі діннің негізгі ахлақтық, адамгершілік мәнін дұрыс түсінбеуден, дұрыс насихаттамаудан болып жатыр. Сондықтан исламның гуманистік потенциалын, мүмкіндіктерін, әр түрлі дін өкілдері арасындағы жарасымдылықты қамтамасыз етуге бағыттауымыз қажет. Сол үшін де исламның бастауларын білу, ізгілікті, моральдық, этикалық негіздерін үйрену үлкен мәдениеттің белгісі болып табылады, – деп қорытты профессор соңғы сөзін.
Айта кетейік, егер сізді ислам дініне қатысты сауалдар мазаласа немесе ғаламтор бетінен исламға қатысты ақпарат іздейтін болсаңыз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайттарына кіруге кеңес береміз. Ал, білікті теолог немесе психолог маманның көмегіне мұқтаж болсаңыз Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығына» хабарласуыңызға болады (ерлер үшін: +77011207570, әйелдер үшін: +77011207503).