Оралдық полиция қанды қол қарақшыны қойып жын-перілердің ізіне түсетін болған. Оған әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан, әжей мен сары қыз елесі туралы қауесет себеп болған, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Елес туралы әңгіме, бір аудан мазасын қашырады деп кім ойлаған. "Көзіммен көрдім", дегендерді көптігі сол, бұл аңыз жергілікті шенеуніктерді де шошытқан сияқты. Ауылдық округ әкімі молда шақырып, құрбандыққа мал сойдырған.
Талап ҚАЗИЕВ, ЖУСАНДЫОЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
- Айттық қой жаңағы камазисті мешітке апарып, молда оқытып, содан кейін барып кетті деп. Жын болады ғой, иесіз далада, иесіз үйлерде. Бастың амандығы мен ел үшін 18 адамменен далада сақтанып отырып, далада бір мал сойдық.
Бұл бейне "отқа май құйғандай" әсер етті. Қазнет оны іліп алып, қауесет қыза түсті. Сөйтсек ол бірнеше жыл бұрын Ресейде түсірілген видео екен. Бірақ, қаратөбеліктер "Елес бар", деп отыр. Әлгі әжей мен сарықызды талай адам көріпті-мыс.
Индира СӘНДІБЕКОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Қаратөбеден 15-20 шақырым жүргеннен кейін машинамыз тарс ете қалды. Мен көзімді ашып қарасам, әдеміше келген бір сары қызды көрдім. Машинаның үстіне отырып алған. Жанымда отырған екі үлкендеу кісі "пісміллә-пісміллә" деп жатты. Мен "пісміллә" дегенді де айта алмадым. Осыған ұқсас аңыздар, құқық қорғаушыларды да алаңдатты. Облыстық полиция енді, топ болып тергеу жүргізбек.
Болатбек БЕЛГІБЕКОВ, БҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
- Қаратөбе аудандық жергілікті полиция қызметі осы аталған фактінің куәгерлерін анықтау бойынша жұмыстар жүретін болады. Сонымен қатар олардың міндетіне әлеуметтік желілерде таратылған бейнежазбалардың шындыққа сәйкестігін тексеретін болады.
Елес қуған облыстық полиция, көзі тірілерді айып пұлмен қорқытуды да ұмытпады. "Жын-пері туралы жалған ақпарат таратқандарға 20 АЕК көлемінде айып пұл салып, 5 жылға соттаймыз", деп сес көрсетті. Ал, егер елес рас болса, айыппұлды кім төлейді? Мұны құқық қорғаушылар ашып айтпады.