$ 494.87  520.65  4.91

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Әр өңірдің іс тәржірибесі бар. Мәселен біз сол бағдарлама арқылы  теріс діни ағымдағы адамдарды, оның интернетке салған материалы қандай бағытта екенін анықтай аламыз. Бұл заманауи өте тиімді бағдарлама.
фото: elorda.info
фото: elorda.info

 Жуырда Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы   Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарын  нәтижелі  ету және тәжірибе алмасу мақсатында Атырау, Алматы облыстарының Дін мәселелерін зерттеу мен ақпараттық талдау орталықтарының қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Кездесу барысында деструктивті діни ағымдар тудырып отырған ортақ мәселені шешу, ынтымақтастық орнату және оны дамыту мәселесі көтерілді. Мемлекетіміздің тұтастығы, халқымыздың бірлігі осындай  жұмыстар арқылы жүзеге асады. Қарапайым халық деструктивті топтардың айтқанына еріп, арбауына ілесіп кетпесе екен. Адасқанның алды сор, арты батпақ деп дана халқымыз бекер айтпаған. Қателіктің кесірінен жас ғұмырын түрмеде өткізу немесе кәмелеттік жасқа толмай-ақ  тұрмысқа шығу, бала табу, одан көрген қиындық, азап қоғамдағы үлкен проблемалардың бірі. 

Әрине, осы проблемаларды болдырмау үшін бірлік қажет. Өңірлердегі дін саласындағы уәкілетті органдар, оның ішінде теологтар, дінтанушы-ғалымдар, имамдар басқа да мемлекеттік органдар теріс діннің ушығып тұрған тұстарымен бірлесіп күресіп жатыр. Осы айтылған жиын да сол проблеманың алдын алу, мәселені шешу деген сұрақтың төңірегінде өрбіді. Атырау облыстық Дін істері басқармасының бас маманы Данияр Ғалиденнің де айтқанынан істеліп жатқан жұмыс барысын байқауға болады: «Біздің Атырау өңірінде теріс діни ағыммен жұмыстар, экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты әрекеттер бағдарлама арқылы жүзеге асады. Әр өңірдің іс тәржірибесі бар. Мәселен біз сол бағдарлама арқылы  теріс діни ағымдағы адамдарды, оның интернетке салған материалы қандай бағытта екенін анықтай аламыз. Бұл заманауи өте тиімді бағдарлама. Осы жиынға келіп, осындай өзіміздің тиімді істерімізді көрсетеміз, екінші жағынан басқа әріптестерімізден тағы бір жақсы тәжірибе алмасуға болады. 

          Сондай-ақ, жыл басынан бері Алматы қаласының жеті тұрғыны заңсыз түрде діни әдебиеттерді таратқандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазіргі таңда қала тұрғындарын теріс діни ағымдардың жетегіне еріп кетпес үшін кеңес беретін арнайы орталық қызмет жасауда. Бұл орталық жыл басынан бері мыңнан аса адамға ақыл-кеңес беріп, көмек қолын созған.  
 
             Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Бақдәулет Абдихамитовтың айтуынша бұл орталыққа ерлер де, әйелдер де келеді екен. Оның бірі білімсіздіктен, екіншісі ақымақтықтан, тағы біреуі аңқаулықтан деструктивті топтың тұзағына түсіп қалғандарын айтады. Олармен білікті теологтар, психологтар айналысады. Келген адамдардың жағдайына қарай, қажеттілігіне байланысты мамандар тартатынын жеткізді бөлім жетекшісі Бақдаулет Абдихамитов. 

Сонымен қатар, кездесу барысында «Діни скан» ақпараттық бағдарламасы қатысты сұрақтар көтерілді. Алматы облысының мәліметіне сәйкес, бұл жоба көп нәтиже беріп отырған көрінеді. Мысалы кез келген адам өзін-өзі немесе жақындарын тексеруіне болады.  Белгілі бір WhatsApp-қа   аты-жөнін жібереді. «Діни скан» оның қатысы бар әлеуметтік желінің деструктивті ағымдарға қатысы бар-жоғын анықтап береді. Сондай теріс бағыттағы діни топтың ішінде білмей жүрген қарапайым жандар үшін бұл өте жақсы бағдарлама екенін нақтылай кеткеніміз жөн. 

Статистикаға сүйенсек теріс ағымның жетегінде кеткендердің 80%-ы діни білімді интернеттен, әлеуметтік желілерден алғандар екен. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздікке аса көңіл бөлген жөн. Өйткені экстремистік ұйымдардың қатарына кіріп кетіп жатқандардың көбісі діни сауатсыздығынан және діни құқықтарды білмеуінен. Әрине, бұл тұрғыда әр қала, әр елді мекендерде түсіндіру, алдын алу жұмыстары жүріп тұрады. Осы жиын экстремизм мен терроризмнің алдын алуда адамдарды сақтандыруға байланысты тағы бір үлкен тәжірибе болды. Мұндай шаралар әрқашан өтіп тұруға тиіс. Өйткені ел тыныштығы бірінші орында. Ол тыныштықты бұзып, адамдарды адастырып жатқан діни теріс ағымдар. Егер де интернет-желілерге деструктивті мағынада материалдар салынып, экстремизм мен терроризмнің насихаттары жасалса, оны жасаған, салған адамдар заңмен қудаланады. 

    Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде әлеуметтік желілерде  азғыру, алдау сияқты деструктивті топтардың материалдары көбейіп кеткендігі анықталып отыр. Бұл ақпарат та осы жиында айтылды. Осыған байланысты әрбір мемлекеттік жауапты органдар етене, тығыз байланыста жұмыс жасауға тиіс.  Теріс ағымның көксегенін бірден біліп, олардың жолын уақытында кесіп отырғанда олардың қақпанына түсетіндер болмайды. Сондықтан мұндай пиғылды барлық қазақстандықтар болып бірігіп, бір үйдің баласындай жұмылып қана жеңе аламыз. Теріс пиғылдың идеологиясына ермей, барлығымыз оларға қарсы салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылғымызды, мәдени байлығымызды жете біліп, толық түсініп, мелекеттің тұтастығына қызмет етуге тиіспіз. Елдік жолда бір болайық!        
                                                                                                                                              Еділ  АНЫҚБАЙ
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары