Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған әрбір шарада қарапайым көпшілікке деструктивті діни топтардың алдауына түспеудің жолдарын көрсетеді. Теріс діни ағымдардың белгілерін, олардың ұстанымын, санаға тықпалайтын идеологиясын талдайды, сараптайды, зерттейді. Әсіресе, TAU NEWS ақпараттық порталының материалдарын әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына салады, өйткені осындай арнайы түсірілімдерден жастар сабақ алады. Деструктивті діни топтармен жұмыс барысында мемлекеттік мекемелердің мүддесі бір, мақсаты ортақ. Ол – экстремизм мен терроризмнің алдын алу, деструктивті топтардан көпшілікі сақтандыру. Алдауға түсіп арандалып, арбауға еріп, азап тартқанның тағдыры арқылы талайға ой салу. Мысалы Шымкент қаласындағы С-11 тергеу изоляторындағы Нұрбек Жантаевтың езілген еңсесі, өксікті өкініші ешкімді бей-жай қалдырмаса керек. Сырты үрейлі істік темір, электр сым, іші қаракүңгірт ызғарлы түрмеге кімнің барғысы келсін... Сұсты түрмеге адамды апаратын қылмыс, қателік. Дер кезінде дұрыс ойлмағандықтың, өтірікке сенудің, айтаққа ерудің кесірі. Нұрбек те сондай жаза басқан жазықты жанның бірі. Кеш те болса өз қателігін түсінген ол: - Терроризм – зұлымдық, бұзғыншылық, жару. Ешқандай жақсылығы болмайтын нәрселер,- дейді.
Нұрбек – Түркістан облысы, Сайрам ауданы Қосбұлақ ауылының тұрғыны. Ол намаз оқуды 14 жасында бастапты. Ата-анасы алғашында баламыз жаман әдеттерден тиылады деп қуанған көрінеді. Бірақ қандай дінге қызығып, кімдердің уағызын тыңдап жүргенінен бейхабар болғандығын мойындағысы келмейді. Сұхбат беруден бас тартқан Нұрбектің ата-анасы әлі де баласын қорғайды, кінәлі емес деп есептейді. Осы жерде барлық ата-ана ескеруге тиіс бір жайтты айта кеткіміз келеді. Өз балаларының кіммен сөйлесіп, қандай уағыз, нендей әңгіме тыңдап жүргенін үнемі қадағалап, ұл-қыздарымен ашық сөйлескендері абзал, әр қадамынан хабардар болғаны жөн.
Уақытында көңіл аудармаса, кейін кеш болады... Нұрбек те балалықпен шалалық жасап, қателескен. Енді ол баршаға сөз арнап, кімдерден сақтану керектігін айтады: «Бүкіл жер бетіне айтатын сөзім, Әбу Салах, Әбдулах Зуфар, Махмуд Әбдімомын, Шейх Садық Самарханди уағыздарын естімеулеріңізді және шақыруларын қабылдамауларыңызды сұранамын. Олардың уағыздарының қате екенін нақты айта аламын. Олар біз бейбітшілікті қалаймыз дегенді айтады. Алайда олар тек соғысу үшін дайындайды». Міне, көріп отырғаныңыздай бұлар өз идеяларын ашық жүргізбейді. Арбайды, алдайды, сананы радикалдандырады. Нұрбек те осы аталғандардың айтқандарын тыңдап, өтіріктеріне сеніп, радикал идеяны ұстанушы уағызшыға айналғанын өзі де байқамай қалған. Соқыр сеніммен Шам жеріндегі қанды қырғынға қатыспақ та болған, бірақ мемлекеттің бақылауы мен арандатушыларға арнайы жүргізген жұмыстарының нәтижесінде радикалды топ діттеген жеріне жетпей қалды, қолға түсті.
Нұрбектің анасы үй шарушылығында бала қараумен отырған жан. Әкесі диқаншылықпен айналысады. Нұрбек әкесіне қолғабыс етіп жүріп, алқап басында Мұхаммед Юлдашев деген өзбек азаматымен танысады. Өзімен құрдас, қатарлас жігітпен тез тіл табысады. Ол кезде екеуінің де жасы он жетіде еді. Жаңа танысы Нұрбектің дінге қызығушылығын байқайды. Интернеттен жиһад жасаушы радикалды уағызшыларды тыңдатады. Санаға тез әсер етуді есеппен жасайтын жиһадшылардың улы ақпараты Нұрбекті жетелеп әкетеді. Көп өтпей-ақ ол теріс ағымның адасқан нөкеріне айналады.
Шам жеріне қалай баратыны жоспарланады. Деструктивті діни топтардың адамдары интернет арқылы тығыз байланыс жасайды. Технологияның мүмкіндігін жақсы пайдаланады. Тергеліп, сот үкімін күтіп жатқан Нұрбек сол кездегі қолдаушыларының жоспарын былай жеткізді: «Интернет арқылы сириялық содырдан сұрап білдік. Түркиядан өздері күтіп алады. Әрі қарай өздері алып кететін болды. Солай келістік». Сол келісімге қарай Нұрбекті содырлардың сойылын соғып, жалған жиһадтың жауынгері болуға көндірген әлгі Мұхаммед Юлдашев Түркияға ұшып кетеді. Ал Нұрбек болса, елде кідіріп қалады, бірақ Шам жеріндегі таныстарымен байланысты үзбейді. Санасы уланып, басы айналған Нұрбек радикалды топпен бірге ертелі-кеш телеграмм, WhatsApp чаттарында жалған жиһадизм мен дінаралық алауыздықты қоздыратын материалдар таратады. Нұрбек осы топтың белсендісі болады. Бұл белсенділік қалай пайда болады? Ондай сенім неден шығады? Теолог, Жандәулет Сүлейменовтің пікірін оқып көрелік: «Осы жиһад секілді ұғымдарды алға қоюмен, егер сен сол жолда өліп кетсең, шаһид, яғни шейіт боласың деп сендіреді. Алламен жүздесіп, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың деңгейінде, солардың алдында отыратындай сауап аласың. Сондай деңгейге көтерілесің деген сияқты алдау сөздермен жалған демогогияға ұрындырады. Мұндайды демогогия дейміз. Бұл тұнып тұрған демогогия. Теріс діни топтардың қазіргі қолданып жатқан формасы осы» Иә, жалған демогогия талай жалынды жастың өмірін бұзды, бағытын өзгертті. Нұрбек те сондай жалған жиһадшыладың құрбаны. Кеш те болса түсінді, дер кезінде ойланбағанына өкінеді. Басқалар өз қателігін қайталамауды қалайды: «Ата-ананы ойлау керек. Ата-ана ешқашан перзенттеріне жамандық ойламайды. Соны түсіну керек. Ата-аналар қайдағы бір қарулы жиһадқа балаларын қатыстыру үшін өсірмейді. Ата-анамды қайтадан қуантамын. Кешірім сұраймын» Өкініштен көзіне жас алған Нұрбек ауыр күрсініп, ішіндегі өксіктен сөйлеуге шамасы келмей қалды. Жанарын төмен салып, қателігіне қатты қайғыратынын ұқтық. Биыл он сегізге толған ол туған күнін тар қапаста қарсы алды. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Жақында үкім шығады. Терроризм атты барша адамзатқа қарсы қылмысқа біздің елде кешірім мен жеңілдік жасалмайтынын ол білді. Мұндай қателесу мен адасу ешкімнің басына бермесін. Жалған жиһадшылардың өтірік уағызына жастарымыз сенбесін. Сақтансаң сақтаймын деген. Өрелі жас өмірін өксікке толтырмайды. Өтірік пен шындықты ажырата білу өреге байланысты. Өрені өсіру өзіміздің өнегелі өткенімізде тұр. Өнегені өзгеден емес, өзімізден іздейік! Сақтанайық, сақ болайық! (Мақала TAUNEWS материалдары негізінде дайындалды) Еділ АНЫҚБАЙ