$ 448.89  477.93  4.76

«Сіздер ұстаз емессіздер – мал, жануарсыз»: Шымкентте балабақша қызметкерлері басшысының үстінен арыздануда

Екі баласы осы балабақшаға баратын ата-ана Қалима Қазыбаева да балаларының аш қайтатынын айтты.
Фото: ДВД ВКО
Фото: ДВД ВКО

Шымкентте баласы мемлекеттік балабақшаға баратын ата-аналар мен сол мекеменің қызметкерлері мектепке дейінгі мекеме басшысының үстінен ұжымдық арыз жазды.

"Ата-аналар мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері меңгерушіні жұмыстан босатуды талап етті. Олардың айтуынша, азық-түлікті үнемдеу салдарынан балалар аш қалады. Ал тәрбиешілер үнемі басшысының ұрып-соғуы мен мазақ қылуына төзіп жүр", – деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Балабақша Шымкент қаласының Құрсай шағын ауданында орналасқан. Балалардың ата-анасы мектепке дейінгі мекеме басшылығы азық-түлікті үнемдейтінін айтып шағымданды. Бұл фактіні мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері де растады.

"Ас үйден тамақ әкелемін. Кейде тағамның қалай әзірленетінін көремін. Екі тауық пісіреді. 150 балаға бірінші сорпа береді. Қызметкерлерге де солай. Екінші тамаққа суда қайнатылған арпа жармасы немесе күріш береді, оның үстіне пісірілген тауық етін қояды. Үш жылдан бері дәл осылай жалғасып келеді", – деді тәрбиешінің көмекшісі Әсия Дәуеева.

Екі баласы осы балабақшаға баратын ата-ана Қалима Қазыбаева да балаларының аш қайтатынын айтты.

"Қазір екі балам осы балабақшаға барады. Біреуі 5 жаста, екіншісі екіде. Олар үйге аш келеді. Оларды ертерек алып кетеміз. Үйге барар жолда қарны ашқанын айтып жылайды. Дүкенге кіріп нан сатып аламыз, соны үйге жеткенше жеп қояды, – деді әйел.

Балабақша қызметкерлерінің айтуынша, олар балалар аш қалмауы үшін үйінен тамақ алып келеді. Сондай-ақ, тәрбиешілер балабақша басшысының дөрекі әрекеті туралы айтты.

"Кеше жиналыста үш қызметкерге "сіздер ұстаз емессіздер – мал, жануарсыз" деп айтты. Сол уақытта орнынан тұрып, Жұлдызды қолындағы блокнотпен ұрды. Мұндай жағдай үнемі болып тұрады. Үнемі жұмыстан шығарып жіберетінін айтып қорқытады", – деді балабақша тәрбиешісі Шәрбат Сәулекова.

Алайда балабақша басшысы бұл айыптаудың бәрін жоққа шығарды. Өзіне қарсы қастандық жасалып отыр деп санайды.

"Кешелі менің телефоныма хабарламалар келіп жатыр. Егер мен оларға белгілі бір көлемдегі қаржыны берсем, ата-аналар, қызметкерлер бүлік шығармайтынын жазды. Бермеген жағдайда бәрін осы жерге жинайтындарын айтты. Бұдан басқа ештеңе айтпаймын. Бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарлаймын", – деді балабақша меңгерушісі Зина Молдақұлова.

Жанжалдың ортасында балабақшаға білім басқармасының қызметкерлері келді. Адамдар шағымын тыңдап, істің мән-жайын анықтауға уәде берді. Ол үшін арнайы комиссия құрылады. Басшылықтың әрекетін полиция да тексереді. Полицияға ұжымдық арыз түсті. Ал ата-аналардың басым бөлігі директор қызметінен кеткенше баласын балабақшаға апармаймыз деп шешті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары