«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның жобасы қазақ қоғамын екіге жарды. Қазір елде ең қызу талқыланып жатқан тақырыпқа аудиториясы үлкен өнер жұлдыздары, қоғам қайраткерлері араласты. Айта кететін жәйт, заң жобасының айналасында көптеген пікірталас пен адамдарды адастыратын жалған ақпараттар да тарап жатыр.
Былтыр көктемнен бері күн тәртібіне шыққан заңның жобасын жасаушылар басты мақсат – зорлық-зомбылықты жою және алдын алу дейді. Жаңа заң жобасы бірінші кезекте құқықтық сенімділік қағидасына құрылған. Осы күнге дейін оның жобасын жазуға 50-ден астам адам қатысып, 220-дан астам елдімекен қамтылыпты. Заң жобасын талқылауда үкіметтік емес ұйымдардың да өкілдерінің ұсыныстарына басымдық берілген.
«ЗАҢДЫ ҚАБЫЛДАТПАУ ҮШІН ШАБУЫЛ ҚОЛДАН ҰЙЫМАСТЫРЫЛЫП ЖАТЫР...»
Заңның бастапқы жобасында «жыныстық еркіндік» термині болғанымен, талқыланғанда ол алынып тасталған. Бұл қоғамда дау тудыратыны белгілі еді. Ал, отбасында агрессорлық мінез-құлықты реттейтін тетіктер көбірек пысықталған. Полицияның рөлі, прокурорлық әрекет ету мерзімі нақты жазылыпты.
«Не молчи KZ» қозғалысының жетекшісі Дина Смайылова заң жобасына белсенді қатысқандардың бірі. Ол денсаулыққа жеңіл зиян кетіру тетіктерін енді криминализациялау қажеттілігін айтып жүр. Мысалы, қазір әйелге пышақ жұмсап, соққы жасау арқылы орта дәрежеде зиян келтірсе, жеңіл жазамен құтылады. Одан да басқа зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділік» қағидасымен қарауды тоқтату керек дейді ол. Бұл заң 2009 жылдан бері қолданылып келе жатқан ескі заңның көптеген нормаларын қайтадан қарауды көздегенімен, айтарлықтай өзгеріс болмаған көрінеді.
Оқи отырыңыз: НеМолчи: Отбасылық зорлық-зомбылық туралы заң жобасына кім қарсы?
Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген Дина Смайылова заңды осы күйінде қабылдауға жол бермейтін топтардың бірден күшейгенін айтады. Олар аяқ асты ұйымдасқан түрде шабуылға шықты дейді. «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын қайта қарауды талап еткендердің көксегені не екенін түсіне алмадым дейді қоғам белсендісі.
«Қазір осы заң жобасына қатысты бір пікір жазсам, оның астында жүздеген фейк-аккаунттан шабуыл жасалады. Осыдан-ақ бұл кампанияның ұйымдастырылып, қаражат жұмсалып жатқанын байқауға болады. Сосын, бұл шараға мемлкеттік органдар тартылды. Қазір көптеген хат мемлекеттік органдар тарапынан оқша борап жатыр. Күніне жергілікті әкімдіктерден Президенттің атына, түрлі мемлекеттік органдарға, министрліктерге жүздеген хат жөнелтіліп жатыр. Олардың мәтіндері ұқсас. Бұл жоспарланған әдейі ұйымдастырылыған шара. Мұның артында кім тұрғанын қазір айта алмаймын. Біз жақында өз тарапымыздан екі конференция ұйымдастырып, аталған заң жобасын талқылаған болатынбыз. Сол жерге Ким, Игнатенко деген азаматтар және тағы үш адам келіп қатысты. Олармен еріп тағы 6 әйел келді. Әйелдер фойеде отырып, ноутбуктерін ашып, тікелей эфирдің астына жағымсыз пікірілер қалдырумен айналысты. Дәл осы команда «Денсаулық кодексі» бойынша заң жобасында да тура осындай тәсілмен жұмыс істеген болаты», - дейді Дина Смайылова.
«ЭСТРАДА ЖҰЛДЫЗДАРЫ ЗАҢНЫҢ МӘТІНІН ОҚЫМАЙ, ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР ТУҒЫЗУҒА АСЫҚТЫ…»
Дина Смайылова заң жобасына қарсы жазылған ата-аналар петициясы Ресейде тіркелген сайттардың бірінде жарияланып, оны қазақстандық қоғам қайраткерлері, эстарада жұлдыздары мен арнайы жалданған блогерлер бөлісіп жатыр дейді. Бұл лоббилік көзқарасты кімдер қаржыландырып отыр деген сауалдың басы ашық. Бірақ олар елдің ішіндегі өзгерістерге қарсы, отбасылық тыныштық пен теңдікті өз мүдделерінен жоғары қоятындар, деп есептейді «Не молчи KZ» қоғамдық қорының жетекшісі.
«Қазір заң жобасына қарсы топтардың петициясы Ресейлік сайттардың бірінде жүр. Бұл шетелдік сайтқа ең даулы ақпараттар салынады да, сосын ел арасына таратылады. Себебі осындай кампания қазір РФ-да, Польшада және Испанияда да жүріп жатыр. Ол жақта да отбасындағы зорлық-зомбылық заңдары талқыланып жатыр. Бұл консервативтік лобби азаматтардың тең құқылы екенін қорғауға арналған бастамаларды басу үшін жұмыс істеп жатыр. Ал қазақстандық эстрада жұлдыздары, айтыскерлер және өнер адамдары петицияны сол жерден алып, бөлісіп жатыр. Соны өз парақшаларында жазғандардың заң жобасымен дұрыстап таныспағаны көрініп тұр. Қоғамдық пікір қалыптастыру үшін тақырыпты зерттеп, сараптама жасап барып айтылуы керек еді. Ол мүлдем жоқ», - дейді Д.Смайылова.
Қор жетекшісі қоғамда талқыланып жатқан негізгі баптарға қатысты пікірін айтты. Мысалы баланы ата-анасынан «тартып алу» туралы айтылып жатқан нормалар «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңда бұрыннан бар. Жаңа заң жобасында сондағы 36-шы бапқа сілтеме жасау арқылы қайта енгізіліп отыр. Ол Кеңес Одағы заманында қабылданып, бір заңнан екінші заңға «секіріп» отырған. Сол сияқты аталған заңның 81, 82, 83 баптары да жаңа заңға енді. Ол психикалық коррекция туралы бап. Бұл жерде де айтарлықтай өзгеріс жоқ. Ол да бұрынғы отбасылық зорлық-зомбылық туралы 2009 жылғы заңның 15-ші бабында көрсетілген.
«Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға адам басына кем дегенде 15-18 шаршы метр баспана аренда немесе жекеменшікке берілуі тиіс деген заң нормасы бұрыннан бар. Біз осыған сүйеніп, әр баланың өз шаршы метрі болуы керек дегенді алдыға тарттық. Тапсырыспен жұмыс істейтін әлеуметтік топтағы азаматтар осыны да шатастырып, елдің алдында басқаша сипат беріп жатыр. Қазақстандықтарды адастырып отырған тағы бір мәселе: қазақтың дәстүріне қарсы шығатын баптар енді деп жатыр. Қазақ еркегі отбасында әйеліне де, баласына да жақсы қараған. Қамқоршылық ұғымы қалыптасқан. «Жетімін, жесірін жылатпаған» деген осыдан айтылады. Бірақ қазіргі қоғамда жағдай мүлдем басқа», - дейді Дина Смайылова.
«ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕ ШЕШІЛМЕЙ, ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТОҚТАМАЙДЫ»
Жақында «Адал» партиясынан үміткер ретінде сайлауға қатысқан журналист Мақсат Толықбай да қоғамды қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты пікір білдірді. Ол әрбір заңның осылай талқыланғаны, қоғамның барлық өкілдері өз пікірін ортаға салуы қалыпты құбылсқа айналуы керек деп есептейді. Ол тұрмыстық отбасылық зорлық-зомбылықтың негізгі себебі – азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен тұрмысының төмендігінен деп отыр. Сондықтан билік бұл проблеманы шешпей, жағдай оңала қоймайды дейді.
«Біз республикалық телеарналардың бірінде дәл осы тақырыпқа бірнеше рет эфир арнағанбыз. Оған көптеген мамандар қатысты. Қарсы тараптар да келді. Қызыл кеңірдек болып айтысты. Бұл тақырып маған таныс. Мен қазір неге осыған байланысты тартыстың аяқ астынан күшейгенін білмеймін. Астарында мүмкін біз білмейтін дүниелер бар шығар. Ақтау қаласында «Адал» партиясынан өткен бір топ мәслихат депутаты «Нұр Отан» партиясы мүшелерімен бірігіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдады. Хаттан қысқаша үзінді оқып беретін болсам: «Құрметті Президент, бұл заң дәл осы жағдайда қабылданған жағдайда елімізде отбасы құндылығы жоғалып, ата-аналар өз баласын тәрбиелеу құқығынан айрылып, ата-ана ғана емес жәй ғана баланың асыраушысына айнала ма деп қауіптенеміз. Сондықтан бұл хатымыз арқылы бұл заң жобасының соңғы нұсқасына қарсылығымызды жеткізгіміз келеді». Мұндағы проблема не? Бізде кез-келген заң жобасы қабылданған соң, артынан шу шығып жатады. Өйткені бұған депутаттардың өздері немқұрайлы қарайды. Оны өздері де мойындап жатыр. Алғашқы тыңдалымда қалай мақұлдап жібергенімізді білмей қалдық, депті. Баптарына мән бермеппіз депті. Сосын заңдар қоғамның талқысына түспейді. Шикі болған соң, осылай шу болады. Мені осы үн қатып отырған азаматтардың көп болғаны қуантты. Әр заңды осылай қоғам болып талқыласақ өте жақсы емес пе?!», - дейді журналист.
Ал этнограф ғалым, отбасылық құндылықтар туралы кітап авторы Ғалия Қайдауылова заң жобасымен танысып шыққанын айтты. Ол бұл заңды жасаушылар оның әрбір бабына қайта үңіліп, саралауға тиіс екенін айтады.
«Отан – отбасынан басталады деген ұран бар ғой. Ол өзінің ата-анасынан, отбасынан, өзінің айналасынан алмаған тәрбиені бүкіл әлемнен іздеп таба алмайды. Ол даладан келсе, далаға кетеді. Адамның қанында жоқ, дінінде, ділінде жоқ нәрсе бүтін киімге жамау басқандай. Нағыз зорлық-зомбылық осыдан басталады деп есептеймін. Санаңа түсірген салмақ. Бүкіл рухани әлеміңді тас-талқан ететін індет осыдан басталады. Жалпы осы заңды жасаушыларға қайтадан бастан-аяқ кәдімгі халықпен ақылдасып, қоғамдық ұйымдар, оның ішінде мынау біздің арғы-бергімізді білетін этнографтар, ғалымдармен ақылдасып, елге күлкі болмай, есекке таңба болмай мынаның бәрін қайтадан қарау керек. Қайтадан ұсыну керек. Бұл заң халықтың, әрі-беріден соң ұлттың тағдыры. Халықтың пікірін тыңдап, елмен есептесіп, халықпен ақылдасып барып жасалған заң болуы керек», - дейді ғалым.
Айта кету керек, жаңа сайланған Парламент Мәжілісі Қазақстан Республикасының «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның жобасын биыл мамырда талқылайды. Бұрынғы Парламент мүшелері Майра Айсина, Айгүл Нұркина, Жұлдыз Омарбекова, Ирина Унжакова жұмыс топтың қатарында болды.