$ 494.87  520.65  4.91

«Біз ешқашан өзгенің таным-түсінігімен өмір сүре алмаймыз» – Бас мүфти

Біз жас буынды «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген тәрбиелік мағынасы терең түсініктермен жөнге салған халықпыз
фото: baq.kz
фото: baq.kz

 Еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы соңғы кезде қоғамда резонанс тудырған заң жобасына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ҚМДБ-на сілтеме жасап.

«Қоғамда бала тәрбиесі мен оның құқығына қатысты мәселе талқыланып, белгілі азаматтар мен белсенді тұлғалар отбасы құндылығын сақтап қалу жайлы пікірін білдіруде. Ұл мен қыз өсіріп, оның тәрбиесі мен болашағы үшін жауапты әке ретінде бұл мәселеге үн қосып отырмын.

Біздің дініміз бен дәстүрімізде, күнделікті өмір сүру дағдымыз бен ұлттық болмысымызда ата-ананың ұрпақ алдындағы аманаты, баланың перзенттік парызы, олардың бір-біріне қатысты тәрбие үлгілері бағзы заманнан қалыптасқан. Осынау құндылықтар ғасырдан ғасырға жалғасып келеді.  

«Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт. Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса. Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас». Бұл – халқымыздың бала тәрбиесіне қатысты ұстанған қағидасы. Ұрпақ тәрбиесіндегі осы тәсіл өзінің өміршеңдігін дәлелдеумен келеді. Біз ешқашан өзгенің таным-түсінігімен өмір сүре алмаймыз. Ұстанатын дініміз бен арқа сүйер салтымыз бар. Күнделікті өмірде дағдымызға айналған ғұрпымыз бар.

Әрине, біз отбасындағы зорлық-зомбылыққа түбегейлі қарсымыз. Өз ұрпағына, аманат етіп алған жарына қол көтеріп, зиян шектіргендер қылмыстық әрекеті үшін заң алдында жауапқа тартылуы тиіс. Алайда бала құқығын алға тартып, оның әдепсіз әрекет жасауына жол беру дұрыс емес. Бұл – бала болашағына балта шабатын қадам.

Осындайда «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген нақыл сөз еске түседі. Баладан ұят кетсе, иман кетеді. Біз жас буынды «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген тәрбиелік мағынасы терең түсініктермен жөнге салған халықпыз. Осы үш ұғымды өмір сүру дағдысына айналдырған бозбала мен бойжеткен ата-анасын, одан қалса елі мен жерін ұятқа қалдырмайды.    

Расында, ата-ана өз ұрпағына тәрбиеден артық нығмет, тәрбиеден артық жақсылық қалдырған емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – тәрбие» деген. Тағы бір хадисте айтылғандай, ата-ана өз ұрпағына тәрбиеден артық мирас, құндылық қалдырып кете алмайды. Алла елшісі балаға бір рет көңіл бөліп, тәрбие беру бір сағ (2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де артық екенін айтқан.

Әр адам өз отбасына жауапты. Осы жауапкершілікті саналы түрде сезінген ата-ана бала тәрбиесіне тиянақты түрде мән береді. Ол үшін ең әуелі өзінің әдебі мен мәдениетіне мән беруі қажет. Ғұламалардың: «Бала тәрбиелеуден бұрын өзіңді тәрбиеле» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Баламызды бес жасқа дейін патшадай күтіп, мәпелеп өсірсек, он бес жасқа дейін өмір тіршілігіне икемдеп, еңбекке баулып, үлкенге қызмет етіп, батасын алуға тәрбиелесек, он бес жастан кейін онымен жеке тұлға, өзіндік ойы бар азамат ретінде пікірлесіп, ақылдасып, жиі сырласып-сұхбаттассақ, үміт еткен ұрпағымыздың жақсылығын көретініміз анық.

Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Бір (қайтыс болған) пенденің дәрежесі көтеріледі. Сонда ол: «Уа, Раббым! Бұл маған қайдан келді?» дейді. Сонда (Раббысы): «Бұл сенің артыңдағы балаңның саған истиғфар (кешірім) тілеуінен» дейді».

Алла Тағала баршамызға салиқалы ұрпақ нәсіп етіп, ғибратты ғұмыр кешуді нәсіп еткей. Әмин!».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары