21.01.2021, 14:40

13 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 200 АЕК дейінгі мөлшерде мемлекеттік гранттар беруді қамтиды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша 13 мың адам тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн. 70,3 мың этникалық қазақ келді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Өткен жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (53,1%) ҚХР-дан, 31,3% – Өзбекстаннан, 8,7% – Түркіменстаннан, 3,7% – Моңғолиядан және 3,3% – басқа елдерден келген.

Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (51,3%), Маңғыстау (13,3%) және Түркістан (5,6%) облыстарында, сондай-ақ Нұр-Cұлтан (4,1%) және Шымкент (3,9%) қалаларында қоныстанды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша еңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылар саны 57,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,9%-ды және зейнеткерлер 11%-ды құрайды.

Айта кету керек, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) шеңберінде қандастарға жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару ұсынылады.

2020 жылы қандастарды қабылдаудың бекітілген өңірлік квотасына сәйкес 1,4 мыңнан астам этникалық қазақ пен олардың отбасы мүшелері ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге: Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарына тұрақты тұру үшін келді:

Өңірлік квотаға енгізілген қандастарға көшуге (отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК-тен) бір реттік және тұрғын үйді жалға алуға және коммуналдық қызметтерді төлеуге (отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін) ай сайынғы шығыстарды жабу бойынша 12 ай ішінде субсидиялар беру түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау мыналарды:

– қоныс аударуға жәрдемдесетін жұмыс берушілерге субсидиялар (кемінде үш жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір жұмыскер үшін және кемінде бес Бағдарламаға қатысушы жұмысқа орналасқан кезде 450 АЕК мөлшерінде субсидиялар) беруді;

– қажет болған жағдайда техникалық және кәсіптік білім алуға және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға (Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде) жіберуді;

– жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 200 АЕК дейінгі мөлшерде мемлекеттік гранттар беруді қамтиды.