2020 жылы қаңтардан желтоқсанға дейін 649 мың адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы) қатысушысы болды. 437,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 319,2 мыңы – тұрақты жұмысқа. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 210 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарына – 19,3 мың; жастар практикасына – 34,4 мың; қоғамдық жұмыстарға – 156,3 мың адам.
Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру үшін 2020 жылдың қорытындысы бойынша 5,8 мың адам құрамында 1,8 мың отбасы жұмыс күші мол өңірлерден қоныс аударды.
2020 жылдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына 18,7 мың адам жіберілді, ТжКБ ұйымдарында оқытумен 18,4 мың адам қамтылды.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 12,7 мың микрокредит берілді, оның ішінде 11,2 мың микрокредит ауыл тұрғындарына берілді. Микрокредит алушылар қосымша 13,7 мың жұмыс орнын ашты.
Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаға қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 44,9 мың мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді.
Бұдан басқа, 33,2 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтті.