Заманбек Нұрқаділовтің туған қарындасы Рая Қалабаева көмекке мұқтаж. Ол екінші топтағы мүгедек. Сөйлей алмайды, жүре алмайды. Анасының күтіміне қызы қарап отыр. Анамның арманын орындап, өз үйінен ақтық сапарға шығарып салсам дейді. Туыстарынан күдерін үзген қызы Қазақстан халқынан көмек сұрайды.
Бұл туралы Stan.kz, "Ит өмір" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.
Рая Қалабаева 71 жаста. Алматы облысының, Ұйғыр ауданында тұрады. Дәрігерлер оның өмір бойы мүгедек болып қалатынын айтқан. Күтіміне қызы Әсел қарап отыр. Мүгедек ана мен қызының басында баспанасы жоқ. Пәтер жалдап күнелтеді. Әсел анасын қараусыз қалдыра алмайды. Анасының зейнетақысына күн көріп отыр.
"Мен, Қалабаева Әсел. Анам Рая Қалабаева Заманбек Нұрқаділовтің туған қарындасы. Әкелері бір, шешелері бөлек. Анамның әкесі әмеңгерлікпен жеңгесін алған. Содан Заманбек ағамыз туған. Анам сол кісінің туған қарындасы. Кезінде Заманбек ағаға анам жұмыс сұрап барыпты. Ол кісі әкімдіктен төменнен баста деп жұмыс береді. Алайда анам ондай жұмыс істеуге намыстанып кетіп қалған. Кейін осы аймақ әкіміне хабарласып, бір жұмысқа орналастырады. Анам өмір бойы есепші болып жұмыс істеді. Үйіміз бар еді. Анамның Клара есімді сіңлісі тартып алды. Ақшасын да бермеді. 1999 жылдан бері осылай қаңғырып жүрміз. Пәтер жалдаймыз. Осы сәуір айында үйді босатып беруіміз керек. Мен ауру анаммен бірге қайда барарымды білмеймін. Анамның қайтыс болып кетсе, қайдан шығарарымды білмеймін, - деп жылады қызы.
Әсел Қалабаеваның айтуынша, ол Құралай Нұрқаділоваға көмек сұрап барған. Алайда жолыға алмапты. Қайрат Нұрқаділов бір айлық пәтерақысын төлеп берген екен.
"Құралай Нұрқаділоваға анам екеуміз бардық. Салонына бардық. Бірақ бізді қабылдамады. Қайрат Нұрқаділовке барғанымызда ол кісі бір айлық пәтерақымызды төлеп берді. Мақпал Жүнісоваға барғым келген. Бірақ жол жүре алмадым. Анамды жалғыз тастай алмаймын. Мақпал Жүнісова мені көріп отырса, көмектессе екен", - деді кейіпкер.
Әсел Қалабаева қазақстандықтардан көмек сұрайды. 22 жылдан бері пәтер жалдап, көк сасыған пәтерде тұрып жатыр. Ауру анама қараймын деп өзім де ауруға айналдым дейді Әсел.
"Ауру адамға қараған қиын екен. Мен өзім де кейде тілім күрмеліп сөйлей алмай қаламын. Туыстарымыздың ешқайсысы көмектеспейді. Заманбек ағадан бөлек анамның өзге бауырлары бар. 12 ағайынды. Соның жетеуі тірі. Ешкім қарайласпайды", - деді Әсел.
Рая Қалабаева мен Әсел Қалабаева үй кезегінде тұр. Бірақ ол кезектен мүлде үмітіп үзіпті. Жылдан жылға зарығып күтіп келеді.
"Анамның қанша өмірі қалғанын білмеймін. Үкіметтің үйінен үміт үздік", - деді ол.