28.01.2021, 11:00

«Атырау облысында мұғалім туысын өлтірді»: оқиғаға қатысты тың дерек шықты (ВИДЕО)

Ақсақалмен бір отбасында тұратын жиен қарындасы осы ауылдағы мектепте мұғалім. Ол туралы Ахмедияров орта мектебінің директоры Серік Қайбақов өз ойын жеткізді.

25 қаңтарда Атырау облысы Махамбет ауданы Таңдай ауылының 82 жастағы тұрғыны Сағынғали Ахберлиевті жақындары жер қойнына тапсырды. Марқұмның қазасы туралы қауесет әлі басыла қоймаған. Бірі "жиені нағашысын өлтіріп, бөлшектеп тастапты" десе, екіншісі "ақсақалдың денесін бірнеше ай қорасында жасырын ұстапты" деп жазуда. Осы орайда "Ақ Жайық" басылымы аталған қылмыс туралы тың деректі жергілікті тұрғындардың аузынан біліп қайтты. Басылым тілшісі алдымен жергілікті әкімге жолығып, оқиға туралы не білетінін сұрады.

"Бұл атышулы оқиға туралы өткен аптада ауылға полиция келгенде естідік. Нақты ештеңе айта алмаймын, құзырлы орындар айналысып жатыр. Марқұм болған ақсақалды ағайын-тумасы Атыраудағы мүрдеханадан әкеліп жерледі. Қадесін өткізуде. Ал қайтыс болған қарияны бір ауылда тұрғасын жақсы танимыз. Қарапайым, ешкімге зияны жоқ, өмір бойы совхозда механизатор болып жұмыс жасады, содан зейнеткерлікке шықты. Нағашылы-жиенді болып бір шаңырақта көптен тұрады. Ақсақалдың жиенін үйіне босатты деп естіп жатырмыз", - деді Бақсай округі әкімінің міндетін атқарушы Серік Базарбаев. 

Ақсақалмен бір отбасында тұратын жиен қарындасы осы ауылдағы мектепте мұғалім. Ол туралы Ахмедияров орта мектебінің директоры Серік Қайбақов өз ойын жеткізді.

"Ол біздің мектепте 1997 жылдан биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасап келеді. Оқушылары аудандық, облыстық олимпиададан жақсы орын алып жүр. Ортада сыйлы. Қазіргі жағдайда жұмыстан уақытша шеттетілді", - деді оқу орнының басшысы.

Марқұм "Жаңа ауыл" көшесінде тұрған. Оның көршілері аты-жөндерін айтпай, басылым тілшісіне оқиға туралы не ойлайтынын жеткізген.

"Пандемияға байланысты көршілер бір-біріне қатынасудан қалған. Сол себептен ол қарияны қашан көргеніміз есімізде жоқ. Негізі қарт кісі ғой, бірақ жиен қарындасы өлгенін жасырған деп естиміз. Оның рас-өтірігі белгісіз. Ал жиен қарындасының бөтен қылығын көргеніміз жоқ. Қолы ашық, жомарт адам. Үйінде ғой, барып сөйлеспейсіздер ме?", - деді олар. 

Әйел екі пәтерлік үйдің бір жағында тұрады. Тілші есік-терезені біраз қағып көрген, алайда ешкім ашпады. Кетейін деп қақпаға қарай жақындағанда, есік ашылған. Өзін таныстырғаннан кейін ол жауап беруден бас тартты. Дегенмен бір сұрақ қойып үлгерген. 

"Бірнеше жыл бірге тұрдық. Мен ол кісінің туған жиенімін. Ол астма ауруымен ауыратын, ал 2010 жылдан бері жүрек ауруынан есепте тұр. Ишемиялық ауруы бар, қарттық кірген, көзі де көріңкіремейтін", - деді ол.

Сонымен қатар, әйел марқұм қашан және қалай көз жұмды деген тілшінің сұрағына "ештеңе айтпаймын" деп қысқа қайырған.

Одан бөлек, ауыл тұрғыны Қадыржан Қазымбекұлы біраз ақпаратпен бөлісті.

"Біз бұл шаңырақты жақсы танимыз. Жиені көп жылдан бері мұғалім болып еңбек етеді, жақсы педагог, сәлемі түзу, елмен жұғысты, әңгімесі дұрыс. Ал оның нағашысы былтырдан бері ауырады, төсек тартып жатқан адам. Үйінде дүние салған, бірақ ол сақталып қалған. Қанша сақталғанын білмеймін. Білуімше, ешкім ұрып-соқпаған. Осы оқиғаға қатысты ауылда әртүрлі әңгіме жүріп жатыр. Біздің тарапымыздан, елдің азаматтары тарапынан жалпы елді сабырлылыққа шақырып, алып-қашпа әңгімеге сенбеуге үндейміз. Анық-қанығын заң орындары анықтайды деп есептеймін", - деді Таңдай елді мекенінің тұрғыны.

Ал Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, бұл оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалған. Соған орай анық-қанығы белгілі болады, деді ол.