Атырауда 35 жастағы отбасылы келіншек жаңа туған баласын қоқысқа тастаған, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Безбүйрек ананың мұндай қадамға не үшін барғаны белгісіз. Оны құзырлы орган мамандарына да түсіндіруден бас тартқан.
Оқиға қаңтардың 24-і күні облыс орталығынан 250 шақырым қашықтағы Сағыз ауылында болған. «Қан кетіп жатыр» деген хабармен жанұшыра жеткен ақ халаттылар әйелдің босанғанын анықтапты. Келіншектің күйеуі және кәмелет жасына толмаған 4 баласы бар екен. Алайда жүктілігіне байланысты дәрігерлерде есепке де тұрмаған.
Қазір полицейлер «Жүктілікті жасанды үзуді заңсыз жүргізу» бабымен сотқа дейінгі тергеп тексеруді бастап кетті. Кешенді сот медициналық сараптама жарық дүниені көріп үлгермеген шақалақтың неден өлгенін анықтайтын болады.
«Гинекологтармен қаралу нәтижесінде оның босанғаны анықталды. Келесі күні баланы берген жоқ. Нәрестені іздеу барысында әйелдің тұрғылықты жері бойынша 100 метр жерде, қоқыс жәшігінен баланың өлі денесі табылды. Әйел адам өзінің үйінің дәретханасында босанған. Сыртқы қарау кезінде биологиялық тұрғыдан толыққанды дамыған бала екені анықталып отыр», - деді Атырау облысы Қызылқоға ауданнының прокуроры Досбол Бағытжанов.
Естеріңізге салайық, былтыр дәл осы уақытта Атырау қаласындағы жылу құбырынан жаңа туған сәби табылған болатын. Таңға жуық нәрестенің жылаған дауысын естіген қала тұрғыны оны аман алып қалды. Тергеу барысында «көкек» ана табылып, Орал қаласының 22 жастағы тұрғынын екені белгілі болды. Сот оны 1 жыл бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындаған еді.